Accessibility links

Зейнеткерлер облыс прокурорымен кездесті


Владимир мен Валентина Тарасовалар Өскемендегі облыстық әкімдік алдында наразылық шарасын өткізіп отыр. Шығыс Қазақстан облысы, 26 желтоқсан 2017 жыл.
Владимир мен Валентина Тарасовалар Өскемендегі облыстық әкімдік алдында наразылық шарасын өткізіп отыр. Шығыс Қазақстан облысы, 26 желтоқсан 2017 жыл.

Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі ғимараты алдында жариялаған аштық акцияларының алтыншы күні 76 жастағы Владимир мен 72 жастағы Валентина Тарасоваларды облыс прокуроры Құсайын Игембаев қабылдады. Зейнеткерлер прокурордан 2013 жылы қайтыс болған ұлдары Григорий Тарасовтың өліміне байланысты қылмыстық істі қайта тергеуді талап етті.

Сонымен бірге, олар ұлдарының өліміне құрамында ураны бар шикізат экспортына байланысты әлдебір ресейлік құрылымдардың қатысы болуы мүмкін деген болжамдарын айтты. Олар бұл сөздеріне қатысты құжаттар да табыстаған. Тарасовтар прокурор Игембаев қылмыстық істің неліктен тоқтатылғанын анықтауға уәде бергенін айтты.

Бүгін егде жастағы ерлі-зайыптылар наразылық шараларын күні бойы өткізді.Оларға ара-тұра ғимарат дәлізінде жылынып, әкімдіктегі әжетханаға баруға рұқсат етілген. Бұған қоса, қос қарияға ғимараттың кіре берісіндегі баспалдақта отырмас үшін екі орындық берілген.

Жуырда апелляциялық сот істі бұдан ары тергеуді тоқтатқан. Желтоқсанның 20-сы облыс әкімі Даниал Ахметов зейнеткерлерді қабылдаудан бас тартқан еді.

39 жастағы Григорий Тарасовтың өліміне қатысты іс бірнеше рет тоқтатылып, ата-анасының талабымен қайта ашылып отырған. Олар бұған дейін Ішкі істер министрлігі, прокуратура өкілдерімен кездескен. Тарасовтар кісі қолынан қаза тапты деп санайтын ұлдарының өлім себептерін анықтауды талап етіп келеді. Тергеу органдары Григорий Тарасов жазатайым оқиғадан қаза болды деп санайды. 2013 жылы ақпанның 23-і қаза болған Григорий Тарасовтың сүйегі тек сол жылдың қарашасында эксгумациядан өткізіліп, 2017 жылы тамызда бір-ақ жерленген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG