Accessibility links

Құқық қорғаушы: Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталушы көмек сұрайды


"Шаңырақ ісі" бойынша сотталғандардың бірі Құрманғазы Өтегенов сотта отыр. Алматы, 2007 жыл.

Қоғамдық бақылау комиссиясының Павлодар облысы бойынша төрайымы Наталья Ковлягина Азаттық тілшісіне Павлодарда Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталғандардың бірі – 41 жастағы Құрманғазы Өтегенов отырған түрмеге барып қайтқанын хабарлады.

«Оған құқықтық көмек өте қажет. Оған жазбаша үндеу және тұратын жеріне жақын колонияға ауыстыру туралы өтініш жазуға, колония басшылығының өзіне мінез-құлқы мен тәртібі деңгейін көтермелеуден бас тартуына қатысты шағым дайындауға, сонымен қатар өзін террорлық іс-әрекет жасаған адам ретінде ҰҚК тізіміне алуына қарсы шағым білдіруге көмек көрсету керек» деді 26 желтоқсанда құқық қорғаушы Наталья Ковлягина.

Қазір түрмеде Шаңырақ оқиғасы бойынша сотталған төрт адам – Құрманғазы Өтегенов, Ерғанат Тараншиев, Рүстем Тұяқов және Арон Атабек отыр. Алғашқы үшеуінің өздерін мерзімінен бұрын босатуын сұрайтын уақыты жетті.

11 жыл бұрын Алматы түбіндегі Шаңырақ ықшам ауданында "жерді заңсыз басып алды" деген уәжбен салынған үйлерді сүруге келген билік өкілдері мен арнайы жасақтың қара халықпен арасында қақтығыс болған. 2006 жылы 14 шілдеде таңертең сот орындаушылары мен әкімдік өкілдері полиция және арнайы техникалармен Шаңырақтағы үйлерді сүру туралы аудандық сот шешімін орындау үшін осы елді мекенге барған.

Үйлерін сүруге қарсы жергілікті тұрғындар мен полиция жасақтары арасында бірнеше сағатқа созылған текетірес болып, тұрғындар полицияға жанғыш заты бар шөлектер мен тас лақтырды. Полиция тұрғындарға үркітетін жарқылдақ граната мен резеңке оқтар атқан. Қақтығыс салдарынан ондаған адам жараланып, денесінің 70 пайызын күйік шалған Бостандық ауданының ІІБ қызметкері 24 жастағы Әсет Бейсенов қаза тапты.

2007 жылы қазанда Алматы соты Шаңырақтағы жаппай тәртіпсіздік пен Әсет Бейсеновтің өліміне қатысты іс бойынша төрт адам - Арон Едігеевті (Арон Атабек) 18 жылға, Құрманғазы Өтегеновті 16 жылға, Ерғанат Тараншиевті 15 жылға, Рүстем Тұяқовты 14 жылға соттады. Олардың барлығы тағылған айыптарды терістейді. Жақтастары оларға тағылған айыптардың қолдан жасалғанын айтады. Тағы 18 адам үш жылдан шартты жазаға кесілді. Екі әйел бір жылдан шартты мерзімге сотталып, бір адам ақталды. Бас еркіндігінен айырылған төрт адамның үшеуі жазаларының үштен бірін өтеп, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу мүмкіндігіне ие болды. Бірақ оларды мерзімінен бұрын босатудан түрлі сылтаулармен бас тартылып келеді.

Шаңырақ оқиғасы мен оған қатысты ұзаққа созылған сот процесінен кейін билік Шаңырақтағы үйлерді заңдастырды. Қазір Шаңырақ ықшамауданы кейін құрылған Алатау ауданының құрамында.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG