Accessibility links

Нығматулин журналистерге этикалық кодексті "үйретуді" ұсынды


Парламент мәжілісінің депутаттары (Көрнекі сурет).
Парламент мәжілісінің депутаттары (Көрнекі сурет).

Парламент мәжілісінің спикері Нұрлан Нығматулин ақпарат және коммуникация вице-министріне «журналистермен этикалық нормалар бойынша жұмыс істеуді» ұсынды деп хабарлайды жергілікті ақпарат агенттіктері. Мәжілісте сәрсенбіде ақпараттық өнімдерді жас ерекшелігі бойынша жүйелеп, провайдерлерді контент қолданушыларын тіркеуге міндеттейтін заң жобасы қаралып жатыр. Заң жобасын дайындағандар құжат балаларды «денсаулығы мен дамуына зиян тигізетін ақпараттан» қорғау мақсатында жасалғанын айтады.

Заң жобасын талқылау кезінде мәжілістің кейбір депутаттары жол-көлік оқиғасы болған жерден түсірілген кадр мен зорлық-зомбылық көріністері бар хабарларды көрсетуге шектеу қоюды ұсынды. Депутат Марат Бопазов жобаға сағат 22-ге дейін зорлық-зомбылық көріністері мен суицидті насихаттайтын кадры бар жаңалық сюжетін трансляциялауға тыйым салатын норма енгізу туралы ұсыныс білдірді.

Ақпарат және коммуникация вице-министрі Алан Әжібаев бұған жауабында қазақстандық журналистер Журналист этикасы кодексіне бағынатынын айтып, депутат ұсынысын «әлі ерте, журналистер жұмысын шектейді» деп қабылдамады.

«Депутаттар журналистер жұмысын шектеуге болмайтынын түсінеді. Дұрыс айтасыз, болып жатқан террорлық оқиғаның форматын кесе алмайсыздар. Бірақ журналист әріптестермен жұмыс істеуге тиіс этикалық нормалар бар ғой. Егер сіз сөзіңізді «Біз бұл кодексті орындау міндетін мойнымызға аламыз» деп аяқтасаңыз, онда түсінген болар едік» деді Нығматулин Әжібаевқа.

Заң жобасында ақпараттық өнімдерді алты жасқа дейінгі балаларға арналған, алты жастан, 12 жастан, 14 жастан және 16 жастан жоғары балаларға арналған деп жіктеу қарастырылған. Құжатта қандай ақпаратты белгілі жас аралығындағы балалар арасында таратуға болмайтынын анықтау ұсынылған. Сонымен қатар қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа негізделген, балаларды өміріне қауіпті іс-әрекеттер жасауға, суицидке итермелейтін ақпараттық өнімдерге тыйым салу қарастырылған.

XS
SM
MD
LG