Accessibility links

Астанада автобус жүргізушілері жалақысын көбейтуді талап етті


№1 автобус паркінің алдында жиналып тұрған автобус жүргізушілері. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.
№1 автобус паркінің алдында жиналып тұрған автобус жүргізушілері. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.

Астанада №1 автобус паркінің ондаған автобус жүргізушісі мен кондукторы бүгін парк алдына жиналып, жалақысын көбейтуді талап етті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Жүргізушілер жалақысының аздығын, артық жұмыс істейтінін айтып, басшылықтан жалақыны көбейтуді талап етеді. Жүргізуші Әбдірахым Бейсеннің Азаттыққа айтуынша, автобус жүргізушілерінің қазіргі жалақысы 170-200 мың теңге шамасында.

- Біз айына 170-200 мың теңге көлемінде ғана жалақы аламыз. Артық жұмыс істейміз. Күніне 15-18 сағаттан жұмыс істейтін кезіміз болады. Біз автобусты алған кезден бастап оған жауапты боламыз, рейстен соң оны жудыру үшін 2-3 сағат кезекте тұрамыз, - дейді Әбдірахым Бейсен.

Әбдірахым Бейсен, автобус жүргізушісі. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.
Әбдірахым Бейсен, автобус жүргізушісі. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.

Жүргізушілер жалақысы сағатпен есептелетінін, яғни, қала ішінде жүретін үлкен автобус жүргізушілеріне сағатына төленетін ақша 820 теңге, кіші автобустардың сағаты 720-теңге, ал қала сыртына жүретін автобустардың сағаты 620 теңге екенін айтты. Олар бұл соманы кем дегенде 1000 теңгеге дейін көтеруді сұрайды.

Жиналған жұмысшыларды парк басшылығы қабылдап, екі сағатқа жуық уақыт сөйлесті. Жиыннан шыққан соң Әбдірахым Бейсен Азаттыққа парк директоры Сәбит Болатов жалақыны көбейте алмайтынын айтқанын хабарлады. Директор жалақыны көбейтуге қаржы тапшы екенін, ал жұмыс жағдайына қатысты басқа мәселелерді реттеуге тырысатынын айтқан.

- Басшылықпен кездесіп, талаптарымызды айттық. Хаттама толтырып, оны әкімдікке жіберетін болды. Жалақыны көбейте алмайтынын бірден айтты. Парк территориясында жанармай құюда, автобустарды жууда кезек, проблема барын айттық. Біз өзіміз кәсіподақ құрамыз ба деп ойлағанбыз. Сөйтсек, паркте кәсіподақ бұрыннан бар екен, оны білмейді екенбіз. Оған кеңседегі қызметкерлер ғана мүше екен. Жүргізушілер соған қосылып, мәселемізді кәсіподақ арқылы реттейміз деп шештік, - деді Әбдірахым Бейсен.

Жүргізушілер бұған қоса еңбек қатынастары мәселесін, жолаушы тасымалы қызметін жақсарту және басқа да өзара мәселелерін талқылау үшін айына бір рет парк басшылығымен жиын өткізу және оған БАҚ өкілдерін шақыру талабын да қойғанын айтты. Жиналғандар бұған қоса 2018 жылы жұмыс беруші мен жұмысшылар арасында ұжымдық кесілім жасасу талабын да қойған.

Әбдірахым Бейсен дегенмен жұмысшылар басқа мәселелерге «сабырмен төзетінін», бірақ «жалақыны көбейту талаптарынан қайтпайтынын және оны орындату үшін құзырлы органдарға жүгінетінін» айтты.

№1 автобус паркінің директоры Сәбит Болатов жиыннан соң Азаттыққа жүргізушілер жалақысын көтеруге қаржы тапшы екенін айтты.

Сәбит Болатов, №1 автобус паркінің директоры. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.
Сәбит Болатов, №1 автобус паркінің директоры. Астана, 27 желтоқсан 2017 жыл.

Оның сөзінше, №1 автобус паркі – қаладағы мемлекетке қарайтын сегіз автобус паркінің бірі және ол қаладағы жолаушылардың 50 пайызын тасымалдайды. Болатов 2018 жылы паркке мемлекеттен субсидия бөлінетінін, жалақыны көтеру жайын сол кезде қарастыруға болатынын жеткізді.

XS
SM
MD
LG