Accessibility links

Қамаудағы өзбек журналисі адвокатынан "бас тартқан"


Бобомурод Абдуллаев, өзбекстандық қамаудағы журналист.
Бобомурод Абдуллаев, өзбекстандық қамаудағы журналист.

Өзбекстан Ұлттық қауіпсіздік қызметінің (ҰҚҚ) тергеушілері қамаудағы журналист Бобомурод Абдуллаевты "адвокатынан бас тартуға мәжбүрлеген". Бұл жөнінде Өзбекстандағы Тәуелсіз құқық қорғаушылар бастамашыл тобының төрағасы Сурат Икрамов хабарлады.

Бобомурод Абдуллаевтың адвокаты Сергей Майоров құқық қорғаушыларға 26 желтоқсанда өзін ҰҚҚ тергеушісі Александр Веселовтің шақырғанын хабарлаған. "Тергеуші мені Бобомуродтың өтініші бойынша кездесуге шақырғанын, оның 16 желтоқсанда адвокат көмегіне зәру емесін айтып хат жазғанын жеткізді. Мен егер Бобомурод 16 желтоқсанда хат жазса, оны неге он күн өткеннен кейін хабарлап отырсыңдар деп сұрадым. Оған Веселов «тергеушілердің қолы бос болмады» деп жауап берді" деген Сергей Майоров құқық қорғаушыларға.

Адвокат Майоров қамаудағы журналиспен оңаша қалдыруын сұрағанымен, оған мүмкіндік бермеген.

Сергей Майоровтың хабарлауынша, Бобомурод Абдуллаев арызында мемлекет тағайындаған адвокат Шахзода Шарипованың қызметін пайдаланғысы келетінін жазған.

"Кейін Бобомурод өзінің менен неге бас тартқанын түсіндіруге тырысты. Оған Сурат Икрамовтың жазған мақаласын көрсеткен. Ол мақалада менің Бобомуродпен бірінші кездесуім жайында ақпаратты дұрыс жеткізбеген. Құқық қорғаушының мақаласында Бобомурод айыбын жартылай мойындайды делінген. Шын мәнінде ол Салихтың (Мухаммад Салих – қуғындағы танымал оппозициялық саясаткер, Өзбекстанның Халықтық қозғалысы жетекшісі – ред.) талабымен жарияланған барлық мақаласы бойынша айыбын мойындап отыр. Бобомурод мақалаларын Салихтың өтінішімен емес, талап етуі бойынша жазған» деп хабарлайды адвокат Сергей Майоров.

Ташкенттік 44 жастағы тәуелсіз журналист Бобомурод Абдуллаев биыл қыркүйек айында тұтқындалып, 1 қазаннан бері қамауда отыр. Оған «елдің конституциялық құрылымын бұзып, билікті күшпен тартып алмақ болды" деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG