Accessibility links

Қытайдан Өзбекстанға теміржол салу маршруты 2018 жылы анықталады


Қырғызстандағы теміржол (Көрнекі сурет).
Қырғызстандағы теміржол (Көрнекі сурет).

Ташкентте үш жақты келіссөзге қатысқандар Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржол құрылысының мерзімін анықтады. Бұл туралы Қырғызстан транспорт және жол министрлігінің баспасөз хатшысы Кылычбек Досумбетовке сілтеме жасаған Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады. Қырғызстан, Қытай және Өзбекстан өкілдері 27 желтоқсанда Ташкентте кездескен.

Досумбетовтің сөзінше, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстанды жалғайтын жаңа теміржол маршруты 2018 жылдың сәуірінде анықталады. Ол сонымен қатар Ташкентте өткен кездесуде үш ел делегациясы келесі жылдың тамызына қарай жобаның техникалық және экономикалық негіздемесін дайындауға, ал жылдың соңында қаржы мәселесін шешуге келіскенін айтты.

Қытайдан Қырғызстан арқылы Өзбекстанға теміржол салу ұсынысы 2000-жылдардың басынан айтылып келеді. Бірақ жоба сол күйі іске аспаған. 2012 жылғы есеп бойынша, теміржол салу құны шамамен 6-6,5 миллиард долларды құрайды.

Биыл күзде Қазақстан мен Қырғызстан билігінің қарым-қатынасы айтарлықтай нашарлағанда сол кездегі президент Алмазбек Атамбаев Астананың «Қырғызстанмен шекараға блокада қойып, көрші елдің жүк көліктерін өткізуді бөгегенін» мәлімдеген. Атамбаев ол кезде Қытайды Қырғызстан арқылы Өзбекстанмен, одан ары Түркіменстан және Иранмен байланыстырып, Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына шығаратын теміржол салу қажетін айтқан болатын.

XS
SM
MD
LG