Accessibility links

Кабулда шабуылдан 40 адам қаза тапты


Кабулда шиит мәдени орталығында үшінші рет жарылыс болған кезде қашып бара жатқан адам. Ауғанстан, 28 желтоқсан 2017 жыл.
Кабулда шиит мәдени орталығында үшінші рет жарылыс болған кезде қашып бара жатқан адам. Ауғанстан, 28 желтоқсан 2017 жыл.

Кабулда 28 желтоқсанда болған терактіден 40 адам қаза тауып, 30 шақты адам жараланды. Ауғанстан ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, құрбандар арасында балалар да бар.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани бейсенбіде болған терактіні «ислами және адами құндылықтарға қарсы шабуыл» деп атады.

Әуелде шабуыл Кабулдың батысындағы Afghan Voice ақпараттық агенттігіне жасалғаны хабарланған болатын. Бірақ кейін ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Насрат Рахими жарылыстардың агенттікке жақын шииттердің мәдени орталығында болғанын хабарлады. Рахимидің айтуынша, орталықта Совет әскерінің Ауғанстанға басып кіргеніне 38 жыл толғанына арналған жиын өтіп жатқанда жанкешті кіріп барып, өзін-өзі жарып жіберген. Бұдан соң орталық сыртында жұрт алғашқы жарылыстан жараланғандарға көмек көрсетуге жиналғанда көшеде тағы екі жарылыс болған. Министрлік сырттағы шағын жарылыстардан ешкім қаза таппағанын айтады.

Шабуыл Кабулдың батысындағы шииттер тұратын Дашт-е Барчи ауданында болды. Бұған дейін бұл ауданда «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымы шабуылдар жасаған болатын.

Шабуылды әзірге ешбір экстремистік ұйым мойнына алған жоқ. «Талибан» қозғалысы терактіге қатысы барын бірден жоққа шығарды.

Соңғы уақытта Ауғанстанда, әсіресе Кабулда сүннит экстремистік топтар шииттерге қарсы жиі шабуылдай бастаған. Ауғанстан билігі қазан айында шииттер мешітіне жасалған шабуылдан 30-дан астам адам қаза тауып, 45 адам жараланғанын хабарлаған. Мешітте болған жергілікті тұрғындар құрбандар саны бұдан әлдеқайда көп болғанын айтады.

XS
SM
MD
LG