Мәскеу соты оппозиционер Илья Яшинді көпшілік қатысатын шара ұйымдастыру тәртібін бұзды деп айыптап, 30 мың рубль (шамамен 521 доллар) айыппұл салды. Мәскеудің Красносельский аудандық депутаттар кеңесінің басшысы Илья Яшин - Мәскеудің Лермонтов саябағында «Еркін сайлау күні» деп аталған акцияны ұйымдастырушылардың бірі.
Бұған дейін полиция Яшинді тұтқындап, Красносельский аудандық ішкі істер бөліміне алып барған. Яшин осы аудан депутаттар кеңесін басқарады. Саясаткердің серіктері оны сот болғанға дейін полицияда ұстағанын айтады.
24 желтоқсанда Яшин «Еркін сайлау күні» акциясын ұйымдастырған. Акция аудандық мереке ретінде ұйымдастырылған болатын. Бірақ Мәскеу мэриясы, одан кейін прокуратура мен қалалық сот оны заңсыз деп жариялаған. Полиция акцияны болдырмауға талпынған. Іс-шара кезінде ешкім ұсталған жоқ. Яшин өзін осы акцияға байланысты ұстады деп біледі.