Accessibility links

Бішкек: Салянованың ағасының өліміне күдікті ұсталды


Аида Салянова, Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры.
Аида Салянова, Қырғызстанның бұрынғы бас прокуроры.

Қырғызстан билігі бұрынғы бас прокурор, бұрынғы әділет министрі Аида Салянованың ағасы Улан Саляновтың өліміне күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Қырғызстан ішкі істер министрлігінің 28 желтоқсанда жариялаған хабарламасында 31 жастағы күдіктіні ұстау кезінде одан тапанша тәркіленгені айтылады. Сараптамада 42 жастағы Улан Салянов осы тапаншадан атылған оқтан қаза тапқаны анықталған. Ұсталған күдіктінің аты-жөні жарияланған жоқ.

6 қарашада ішкі істер министрлігі бетперде киген бірнеше қарулы адам Бішкекте Саляновтің үйіне басып кіріп, оны атып кеткенін хабарлаған. Министрлік кейін кісі өлімінің саяси астары жоғын мәлімдеген.

Қастандықтан бір ай шамасы бұрын Бішкек соты Аида Салянованы әділет министрі болып тұрған кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыптап, бес жылға соттаған. Бірақ сот Салянова жазасын екі жасар баласы 14-ке толған соң атқарады деп ұйғарған.

Оппозициялық «Ата Мекен» партиясының белді өкілдерінің бірі саналатын Аида Салянова сотта өзін кінәсізбін деген ұстанымынан таймаған. Ол өзіне қарсы істің саяси астары бар деп біледі.

Қырғыз билігі Саляноваға қарсы тергеуді биыл наурызда бастаған. Ақпан айында «Ата Мекен» партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев «пара алды» деген күдікпен ұсталған. Текебаев 16 тамызда осы айып бойынша кінәлі деп танылып, сегіз жылға сотталған. Жақтастары оған қарсы істің саяси астары бар деп санайды.

XS
SM
MD
LG