Accessibility links

Киев бұрынғы тұтқындардың Ресеймен "байланысын" тексермек


Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта) тұтқыннан босатылған украиндықтармен кездесіп тұр. 27 желтоқсан 2017 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта) тұтқыннан босатылған украиндықтармен кездесіп тұр. 27 желтоқсан 2017 жыл.

Украина қауіпсіздік қызметі (УҚҚ) Донбастағы ресейшіл сепаратистер қолынан босатып алған тұтқындардың Ресей арнайы қызметіне тыңшылыққа тартылған, я тартылмағанын тексермек. Бұл туралы «Интерфакс-Украина» агенттігіне УҚҚ басшысы Василий Грицак мәлімдеді.

Оның айтуынша, арнайы қызмет өкілдері босатылғандардың тұтқынға қалай түсіп қалғанын анықтау үшін «қарсы барлау сауалнамасын» жүргізеді. Грицак УҚҚ мәліметі бойынша, тұтқынға түскендерге «физикалық және психологиялық қысым ғана емес, оларды тыңшылыққа тарту жұмыстары да жүргізілетінін» айтады. Бұдан өзге, УҚҚ басшысы бұрынғы тұтқындар Донбаста сепаратистер ұстап отырған басқа украиндықтар туралы мәлімет те беруі мүмкін екенін айтады. Киевтің есебінше, сепаратистер тұтқынында Украинаның кем дегенде 144 азаматы отыр.

27 желтоқсанда Донецк облысының Горловка қаласына жақын «Майорск» тексеру және өткізу бекетінде украин әскерилері мен өзін-өзі жариялап алған Донецк және Луганск «халық республикаларының» сепаратистері тұтқын алмасқан. Киев 74 тұтқынның орнына сепаратистерге 238 адамын қайтарған.

XS
SM
MD
LG