Accessibility links

Египетте шіркеуге шабуыл жасалды


Мар Мина шіркеуінің сыртқы қабырғасында қалған оқ іздерін санап тұрған адам. Египет, 29 желтоқсан 2017 жыл.
Мар Мина шіркеуінің сыртқы қабырғасында қалған оқ іздерін санап тұрған адам. Египет, 29 желтоқсан 2017 жыл.

Желтоқсанның 29-ы Египеттің астанасы Каирдағы христиан копт шіркеуіне қарулы шабуыл жасалды. Шабуылдан тоғыз адам мерт болып, бес адам жараланды. Қаза болғандардың арасында үш полицей бар. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұма күні екі адам полиция күзеті қойылған Мар Мина шіркеуінің кіреберісінен оқ атқан. Жергілікті MENA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, шабуылдаушылардың бірін қауіпсіздік күштері атып өлтірген. Египеттің мемлекеттік арнасы екінші шабуылдаушының ұсталғанын айтады.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, қаза болған тоғыз адамның бірі шабуылдаушы, ал жараланған бес адамның ішіндегі екі әйел ауыр халде жатыр.

Исламшыл қарулы топтар соңғы бірнеше жылда Египеттегі христиан азшылыққа бірнеше рет шабуыл жасаған. Биыл сәуірде Танта мен Александриядағы христиан шіркеулерінде бомба жарылып, қырықтан аса адам қаза болған, былтырғы желтоқсанда Каирде ең ірі шіркеудегі жарылыстан 28 адам мерт болған еді.

Полиция қаңтардың 7-сі тойланатын православ рождествосының қарсаңында христиан шіркеулерінің кіреберісіне металл детекторлар орнатып, қауіпсіздік шараларын күшейткен.

XS
SM
MD
LG