Accessibility links

Түркияда "ДАИШ мүшесі" деген күдікпен 75 адам ұсталды


"ДАИШ мүшесі" деген күдікпен Анкарада ұсталған адамдарды полиция әкетіп барады. Түркия, 29 желтоқсан 2017 жыл.
"ДАИШ мүшесі" деген күдікпен Анкарада ұсталған адамдарды полиция әкетіп барады. Түркия, 29 желтоқсан 2017 жыл.

Желтоқсанның 29-ында полиция Түркия астанасы Анкарада "ДАИШ экстремистік тобының мүшесі" деген күдікпен 29 адамды ұстады. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлайды.

Түркия прокуратурасы осындай күдікпен Анкарада 46 адамды ұстауға үкім еткені белгілі болған. Прокуратураның мәліметінше, рейд кезінде табылған дәйектерге сәйкес кейбір күдіктілер жаңа жылда шабуыл жасауға дайындалған.

Жергілікті Anadolu ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 500 полиция қызметкері қатысқан Анкарадағы рейдтер кезінде ұсталғандардың дені шетелдіктер.

Сонымен бірге, жұма күні Стамбулда да полиция рейд өткізді. Полицияның дерегінше, ұсталған қырық алты адамның 43-і шетелдік болып шыққан. Олар "ДАИШ тобы үшін контрабанда жасады", "адам ұрлады" деген айыптар бойынша күдікті саналады.

Полицияның мәлімдеуінше, Анкара мен Стамбулда жалпы саны 75 адам ұсталды.

Жаңа жыл кешінде қауіпсіздік сақтау мақсатында Түркия полиция санын екі есеге арттырады. Билік өкілдерінің айтуынша, Стамбулдағы қауіпсіздікті 37 мың полицей күзетіп, орталық аудандардағы кейбір үлкен мерекелік шаралар шектеледі, не мүлдем өткізілмейді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, желтоқсанның 31-і Анкарадағы орталық Кызылай алаңында жүруге тыйым салынбақ.

Бір жыл бұрын Стамбулдың түнгі клубтарының бірінде қарулы адам 39 адамды автоматпен атып өлтірген.

XS
SM
MD
LG