Ресей жүк кемелерінің өзіндегі мұнай және мұнай өнімдерін ашық теңізде Солтүстік Кореяның кемелеріне ауыстырып тиегені туралы Reuters агенттігіне Батыс Еуропа елдері арнайы қызметінің жоғары лауазымды екі қызметкері хабарлаған.
Олардың сөзінше, биылғы қазан және қараша айларында кемінде осындай үш оқиға анықталған. Қазанның 15-і күні Қиыр Шығыс аймағындағы Славянка портынан 1600 тонна мұнай өнімдерін артып шыққан "Витязь" танкері, ресми құжаттар бойынша, Жапон теңізінде жұмыс істеп жатқан балық аулайтын шағын кемелерге отын жеткізуге аттанды деп көрсетілген. Ашық теңізге шыққаннан кейін біршама уақыт өткенде танкердің қай жерде екенін белгі беріп көрсететін транспондерді ажыратып тастаған. Батыс барлау қызметінің деректері бойынша, ресейлік кемедегі жүкті Солтүстік Кореяның San Ma 2 танкері қабылдап алған. "Витязь" жүк кемесінің иесі бұл операция туралы ештеңе білмейтінін, сонымен бірге танкердің балықшылар кемелеріне отын апара жатқанынан да хабарсыз екенін мәлімдеген. Спутниктік бақылау және өзге дерек көздері арқылы алынған мәліметтерде қазан-қараша айларында ресейлік танкерлердің осындай тағы екі операцияны іске асырған айтылған.
Солтүстік Кореяға мұнай және мұнай өнімдерін сату осы елге қарсы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарарымен салынған санкцияны бұзуды білдіреді. Reuters агенттігі сұхбаттасқандардың пікірінше, мұнай және мұнай өнімдерін сату Ресей билігінің назарынан тыс жасалған болуы мүмкін. Қыркүйек айында Ресейдің Приморье өлкесі мен Солтүстік Кореяның порттары арасында солтүстіккореялық танкерлер қатынап жүргені туралы ақпарат пайда болған. Кейін ондай байланыс тоқтаған. Соңғы айларда Солтүстік Корея кемелері ашық теңізде контрабандалық жүк қабылдайтыны туралы айтыла бастаған.
Ресей сыртқы істер министрлігі мен кеден қызметі бұл ақпараттарға байланысты комментарий беруден бас тартты.
Пхеньян өнеркәсібіне, сонымен бірге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің салған тыйымына қарамастан осы уақытқа дейін жалғастырып отырған өзінің ядролық және зымыран бағдарламаларына қажетті мұнай мен мұнай өнімдерін шеттен әкеледі.