Қырғызстан мен Өзбекстан арасында жақын уақытта автобус қатынасы қайта ашылуы мүмкін. Бұл туралы Қырғызстан парламентінің отырысында үкіметтің парламенттегі өкілі Ашырбек Темирбаев хабарлады.
Оның сөзінше, Қырғызстан делегациясының желтоқсанның 25-і күні Ташкентке сапары кезінде Ош – Қоқан, Ош – Ферғана, Ош – Әндіжан бағыттары бойынша, сонымен бірге Өзбекстан қалаларынан Қырғызстанның Жалал-Абад пен Кызыл-Кия қалаларына автобус байланыстарын қалпына келтіру мәселесі талқыланған.
Бұған қоса Ашырбек Темирбаев алдағы жылы көктемде Ташкент – Бішкек- Балықшы теміржол қатынасы ашылатыны туралы хабарлады.
– Келісімге сәйкес, бұл бағыт бойынша аптасына бір рет өзбекстандық пойыздар қатынайтын болады, - деді ол.
Бұған дейін, желтоқсанның 23-інен бастап Air Mana компаниясы Бішкек - Ташкент бағыты бойынша аптасына екі рет қатынайтын әуе рейсін ашқан болатын. Сонымен бірге Ош – Ташкент бағыты бойынша да ұшақ қатынасы басталған.
Көрші екі елдің арасындағы жолаушы автобустары қатынасы 25 жыл бұрын тоқтап қалған еді.