Accessibility links

Браудер Ресейдің Интерполға мүшелігін уақытша тоқтатуға шақырды


Hermitage Capital қорының жетекшісі Уильям Браудер АҚШ сенатындағы Ресейге қатысты тыңдауда жауап беріп отыр. Вашингтон, 27 шілде 2017 жыл.
Hermitage Capital қорының жетекшісі Уильям Браудер АҚШ сенатындағы Ресейге қатысты тыңдауда жауап беріп отыр. Вашингтон, 27 шілде 2017 жыл.

Ұлыбританиялық Hermitage Capital инвестициялық қорының негізін қалаушы әрі жетекшісі Уильям Браудер Ресейдің Интерпол ұйымына мүшелігін уақытша тоқтатуға шақырды. "Интерпол жүйесін теріс пайдаланатын сорақы қылығы үшін Ресейдің ұйымға мүшелігін тоқтата тұратын кез жетті" деп жазған Браудер Twitter әлеуметтік желісіндегі парағына.

Оның хабарлауынша, Ресей Браудерді тұтқындау туралы Интерполға осымен алтыншы рет сұрау жіберген. Бұған дейінгі берген бес сұрауын "заңсыз және саяси астары бар" болғандықтан қабылдамай тастаған.

Желтоқсанның 29-ы күні Мәскеудің Тверь соты Уильям Браудерді тоғыз жылға бас еркіндігінен айыру туралы сырттай үкім шығарған. Ресей соты Браудерді "әдейі банкрот жасағаны және 3 миллиард рубльден аса соманың салығын төлеуден жалтарғаны үшін айыпты" деп таныған. Сонымен бірге сот Браудер мен екінші айыпталушы – бизнесменнің серігі Иван Черкасовтан 4,2 миллиард рубльден аса қаржыны өндіріп алу туралы шешім шығарған.

2014 жылы Ресей Уильям Браудерге халықаралық іздеу жариялаған. Ресей бизнесменді ұстау туралы Интерпол базасына бірнеше рет өтініш жіберген. Бірақ Интерпол әр жолы Ресейдің сұрауын қабылдамай тастаған. Бұның алдында соңғы рет Ресей Браудерді ұстау туралы ордерді 2017 жылы қазанда жолдаған.

Уильям Браудер мен оның одақтастары Ресей билігінің айыбын жоққа шығарып, ресейлік құқық қорғау және салық органдары шенеуніктері салық төлеуден өздері жалтарды дейді. Браудердің кеңесшісі болған бухгалтер Сергей Магнитский осы мәселені көтергені үшін қамалып, 2009 жылы Мәскеу түрмесінде қаза болған. Магнитский қаза тапқан соң АҚШ конгресі 2012 жылы оның аты берілген заң қабылдады. Магнитский ісі мен оның ажалына қатысы бар деген Ресейдің бірқатар азаматына санкция салды.

XS
SM
MD
LG