Accessibility links

Иран президенті "заңды сын мен наразылыққа" мүмкіндік беруді айтты


Билік күштері наразылар шеруіне су шашып жатыр. Тегеран, 31 желтоқсан 2017 жыл.
Билік күштері наразылар шеруіне су шашып жатыр. Тегеран, 31 желтоқсан 2017 жыл.

Иран президенті Хассан Роухани елде төрт тәулік бойы жалғасып жатқан наразылықтарға байланысты алғаш рет пікір білдірді. Желтоқсанның 31-і күні үкімет отырысында ол тәртіпсіздіктер мен қоғамдық меншіктегі мүлікті бүлдіріп-қиратуды айыптады. Бірақ сонымен бірге ол үкіметті азаматтардың "заңды сын мен наразылық білдіруіне мүмкіндік жасауға" шақырды. Роухани Иранды әркім жеке пікірін айтуына құқығы бар еркін ел деп атады.

Бұған дейін желтоқсанның 31-і күні Иран билігі Instagram әлеуметтік желісі мен Telegram мессенджерін бұғаттап, бұл шешімді "бейбітшілік пен азаматтардың қауіпсіздігін" қамтамасыз ету қажеттігімен түсіндірген. Кейін белгілі болғандай, желтоқсанның 30-ы күні Тегерандағы наразылық шаралары барысында 200 адам ұсталған, олардың арасында 40 адамды билік "заңсыз жиындарды бастаушылары" деп атаған.

Ирандағы жаппай халық наразылығына байланысты жексенбі күні Германия сыртқы істер министрлігі Иран билігін демонстранттардың құқығын құрметтеуге және "парасаттылық" танытуға шақырған.

Желтоқсанның 28-і күні Иранның бірнеше қаласында тұрғындар жаппай қарсылық акцияларын өткізген. Әуелде елдегі экономикалық саясат пен баға қымбатшылығына наразылық білдіргендер кейін үкіметті сынауға көшкен. Сенбі күні Иранның батысындағы Доруд қаласында екі демонстрант қаза тапқан, билік болған оқиғаға "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы содырларын айыптаған.

XS
SM
MD
LG