АҚШ президенті Дональд Трамп жаңа жылда Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасындағы алғашқы жазбасында бір кездері АҚШ-тың жақын одақтасы болған Пәкістанды "алдампаз" деп айыптады.
"Соңғы 15 жылда олар бізден 33 миллиард доллар алған, ал біз олардан өтіріктен басқа ештеңе алып көрген емеспіз; олар біздің жетекшілерімізді ақымақ санайды" деп жазған Трамп.
Ақ үй басшысы Исламабадты АҚШ Ауғанстанда соғысып жатқан исламшыл содырларды жасырыпо отыр деп айыптап, мұндай біржақты қарым-қатынасты доғаруға уәде еткен.
АҚШ президентіне жауабында Пәкістанның қорғаныс министрі Хуррам Дастгир-Хан Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында өз елі "терроризмге қарсы күресте америкалық әскерилерге байланыс қызметін көрсетіп, базаларын беріп, барлау мәліметтерімен бөлісіп үнемі АҚШ-тың адал одақтасы болғанын, бірақ америкалықтардың Пәкістанға алғысы қорлау мен сенімсіздік" болғанын жазған. Пәкістанның сыртқы істер министрі Хауадж Мухаммад Асиф Исламабад АҚШ-тан алған әрбір цент үшін жария түрде есеп беруге дайын екенін айтқан.
Қаңтардың 1-і күні Ақ үй Пәкістанға 2016 жылы бекітілген 255 миллион доллардың әскери жәрдемін беруді жоспарлап отырмағаны туралы хабарлаған. Вашингтон Исламабадтан ел территориясындағы "Хаккани желісі" тәрізді "Талибан" қозғалысына жақын топтардың қызметін жоюды талап етіп келеді, бірақ Пәкістан билігі бұл бағытта онсыз да қолдан келген мүмкіндіктің бәрін жасап жатқанын айтады.