Accessibility links

Навальный Ресей Жоғарғы сотының ОСК бойынша шешіміне шағымданды


Алексей Навальный, ресейлік оппозиционер.

Ресейлік оппозиционер Алексей Навальный Ресей Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) өзін президент сайлауына қатыстырудан бас тарту туралы шешімін қолдаған Жоғарғы соттың қаулысына шағымданды.

25 желтоқсанда ОСК Навальныйды «Кировлес» ісіне қатысты сотталғандықтан президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартқан. Навальный бұған жауабында сайлауға бойкот жариялауға шақырып, елде қаңтардың соңында бүкілресейлік қарсылық акцияларын өткізуге үндеген. Бұдан соң Кремль Навальныйдың бұл үндеуінің Ресей заңдарына қаншалықты сай келетінін тексеру қажетін мәлімдеген.

Жоғарғы сот Навальныйдың 30 желтоқсанда берген шағымын қанағаттандырмай тастаған. ОСК өкілдері ол кезде оппозиционерді «Кировлес» ісіне байланысты сотталғандықтан президенттікке кандидат ретінде тіркей алмайтынын тағы да мәлімдеген. Оппозиционердің жақтастары оны сайлауға қатыстырмауды заңсыз деп біледі.

Ресейдегі президент сайлауы 18 наурызға белгіленген. Бұл жолғы сайлауға түсуге ниет білдіргендер арасында қазіргі президент Владимир Путин, тележүргізуші Ксения Собчак, кәсіпкелер құқығы жөніндегі уәкіл Борис Титов, Ресей либер-демократиялық партиясының лидері Владимир Жириновский, "Яблоко" партиясының төрағасы Григорий Явлинский және Ресей федерациясы коммунистік партиясынан түскелі отырған Мәскеу түбіндегі совхоз директоры Павел Грудинин бар.

ОСК сайлауға кандидат болғысы келетіндердің жалпы саны 60 адамнан асқанын айтады.

XS
SM
MD
LG