Accessibility links

Мәскеу: Хмеймимдегі базаны атқылаудан екі сарбаз оққа ұшты


Сирияның Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасы.
Сирияның Латакия провинциясындағы Хмеймим әуе базасы.

Ресей қорғаныс министрлігі БАҚ жариялаған Сириядағы Ресейдің Хмеймим әуе базасының 31 желтоқсанда минометтен атқыланғаны туралы ақпаратты растады. Министрлік атқылаудан ресейлік екі әскери қызметкер қаза тапқанын хабарлады.

Ресейлік «Коммерсантъ» басылымы 3 қаңтарда осы атқылауда Ресейдің жеті әскери ұшағы жойылғаны туралы хабарлаған еді. Ведомство бұл ақпаратты «жалған» деп атады.

Басылым әскери және дипломатиялық ортадағы дереккөздеріне сілтеме жасап, атқылаудан төрт Су-24 бомбалаушы ұшағы, екі Су-35 С истребителі мен бір Ан-72 әскери жүк ұшағы істен шыққанын және он әскери қызметкердің жараланғанын хабарлаған. Жараланғандардың сириялық, я ресейлік әскерилер екені айтылмайды. Басылым ақпаратына қарағанда, базаны радикалдық исламшылдар атқылады деген болжам бар. Хмеймим базасы Сирия үкімет әскерінің тылында орналасқан.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі Сирияда 31 желтоқсанда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, екі ұшқышы қаза тапқанын мойындаған болатын. Ресми ақпаратқа қарағанда, тікұшақ техникалық ақаудан апатқа ұшыраған.

11 желтоқсанда Хмеймим әуе базасына Ресей президенті Владимир Путин барып, ол жерде Сириядан Ресей әскерінің негізгі бөлігі шығарылатынын жариялаған.

Желтоқсанның соңында Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу елден Ресей әскерилерінің негізгі бөлігі шығарылатынын және Хмеймим мен Тартустағы әскери базаларда тұрақты әскер құрылатынын хабарлаған. Ресейдің Сирияда қанша әскери күші бары және қанша шығынға ұшырағаны туралы ресми мәлімет әзірге жоқ. БАҚ-тың мәліметінше, 2017 жылдың өзінде ғана Сирияда кем дегенде 40 ресейлік әскери қызметкер қаза тапқан.

XS
SM
MD
LG