Петропавл қаласында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған құбыр желісі бір айға жетпей істен шықты. Қала орталығында су құбыры жарылып, 10-нан астам жер үйге су кірді, 15 көп қабатты үй мен бірнеше әлеуметтік нысан ауыз сусыз қалды.
Гоголь көшесінде орналасқан №13 үйдің жанында жақында ғана жөндеуден өткен су құбыры жарылды. Оқиға 4 қаңтар күні таңғы сағат 3-те болған. Апат салдарынан жер үйлерге кірген судың деңгейі 35 сантиметрге дейін жетіп, жер үй тұрғындарының мүлкі мен азық-түліктері бүлінген. Су құбырының жарылуынан көп қабатты 15 үй, «Чайка» балабақшасы, облыстық мәдениет орталығы, №1 қалалық орта мектеп пен қуыршақ театры сусыз қалған. Тұрғындарға ауыз су су таситын көліктермен жеткізіліп жатыр.
- «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құбыр желісін екі жыл салдық. Оны шамамен осы желтоқсан айында тапсырғанбыз. Апаттың неден болғанын дәл қазір айта алмаймын, - деді Азаттыққа «Қызылжар-су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің техникалық директоры Арман Сауытов. Оның айтуынша, ескі құбырды ауыстыру жұмыстарына 590 миллион теңге қаражат жұмсалған.
«Қызылжар-су» мамандары апат себебі, жарылған құбырды жөндеу жұмыстары қашан аяқталатыны әзірге белгісіз екенін айтады.