Accessibility links

БАҚ: Швециядағы өзбек имамын өлтіруге тапсырыс беруші қайтыс болған


Швецияда тұратын өзбек босқыны Обидхон қари Назаров.
Швецияда тұратын өзбек босқыны Обидхон қари Назаров.

Швециялық басылымдар осы елде тұрып жатқан өзбекстандық босқын Обидхон қари Назаровты өлтіруге тапсырыс берген адам өткен жылы көктемде қайтыс болғаны туралы ақпарат жариялады деп хабарлады Азаттықтың Өзбек қызметі – Озодлик радиосы.

Шведтің Sverigesradio интернет-басылымы Швеция прокуроры Кристер Петерсонға сілтеме жасап, "Интерполдың Өзбекстандағы бюросы Швеция әділет министрлігіне қазір швед түрмесінде өмірлік жазасын өтеп жатқан Юрий Жуковскийге ақша аударған адамның 2017 жылы наурызда қайтыс болғаны туралы хабарлаған" деп жазған. Бейсенбіде тараған ақпаратта Швеция прокуратурасының белгілі өзбек дін маманы Обидхон қари Назаровқа жасалған қастандыққа тапсырыс беруші өзбекстандыққа жарияланған іздеуді базадан жойғаны айтылған.

"Өзбекстан үкіметінің ресми мәліметі бойынша ол (қастандыққа тапсырыс беруші – ред.) қайтыс болған. Демек, оны таба аламын деп ойламаймын. Мен өзге ақпарат алғанға дейін тергеу уақытша тоқтатылады. Бұл қастандыққа Өзбекстандағы жүйенің қатысы туралы мәселе басы ашық күйінде қалып отыр" деген прокурор Кристер Петерсон Sverigesradio басылымына.

Прокурор Петерсон өзбек имамы Обидхон Назаровты өлтіруге тапсырыс берген адамның аты-жөнін атамаған. Интерполдың Өзбекстандағы бюросы Озодлик сұрағына комментарий беруден бас тартқан.

2006 жылы Швециядан баспана алған Обидхон Назаров өзі тұратын Стромсунд қаласындағы үйінің жанында 2012 жылы белгісіз біреу басынан атып кеткен. Бес жыл бойы ауыр халде жатқан Назаров тек 2017 жылы ақпанда есін жиған.

Швеция прокуратурасы Назаровқа қарсы қастандық Ташкенттен берілген тапсырыс бойынша жасалғаны туралы мәлімдеген.

Швед үкіметінің сұрауы бойынша, қастандыққа күдікті Өзбекстан азаматы Юрий Жуковский 2015 жылы тамызда Ресейден Швецияға экстрадицияланған. Сол жылы күзде Швеция соты Юрий Жуковскийді айыпты деп танып, 18 жыл бас бостандығынан айырған. Жәбірленуші және айыпкер тараптар үкіммен келіспей, апелляциялық шағымдар берген. 2016 жылы наурызда сот Юрий Жуковскийге бұрынғыдан да қатаң жаза – өмір бойы түрмеге қамау туралы үкім еткен.

Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметі діни-ағартушылық дәрістері мен Құранды жатқа оқитын қарилығы арқылы танылған Обидхон Назаровты "уаххабизм" ағымының жетекшісі деп айыптаған. Имам ол айыптауды жоққа шығарған.

Өзбекстандағы режимді батыл сынағаны үшін биліктің қудалауына ұшыраған Обидхон қари Назаров 1998 жылы көктемде Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болған. Ол 2000 жылы жасырын түрде Қазақстанға келіп, 2006 жылға дейін құпия өмір сүрген. 2006 жылғы наурызда Қазақстандағы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы Назаровты босқын деп танып, оған Швециядан саяси баспана берген.

XS
SM
MD
LG