Accessibility links

Иран: экс-президент Ахмадинежадтың ұсталғаны хабарланды


Иранның экс-президенті Махмұд Ахмадинежад.
Иранның экс-президенті Махмұд Ахмадинежад.

Иранда 2005-2013 жылдар аралығында президент болған саясаткер Махмұд Ахмадинежадтың ұсталғаны хабарланды.

Бұл туралы Лондонда шығатын арабтілді Al-Quds Al-Arabi басылымы өзінің сенімді ақпарат көзіне сілтеме жасап хабарлаған. Экс-президенттің қашан, қалай, қандай жағдайда ұсталғаны айтылмайды. Тек оның ұсталу себебі билікке қарсы наразылық басталғанда ел оңтүстігіне сапарында "тәртіпсіздікті қоздыруы" мүмкін екені хабарланған.

Махмуд Ахмадинежад Иранда билікке қарсы шеру басталған 28 желтоқсан күні Бушехр қаласында үкіметті сынап сөз сөйлеген болатын. Al-Quds Al-Arabi басылымының жазуынша, экс-президент кейбір шенеуніктердің "қоғамдағы шынайы жағдайдан мүлде бейхабар" екенін айтқан. Ол өз сөзінде қазіргі президент Хассан Роухани басқаратын үкіметке риза емес екенін білдіріп, оны билікті және ресурстарды монополиялап алды деп айыптаған.

Ресми Тегеран Ахмадинежадтың ұсталуына қатысты әзірге мәлімет таратпай отыр.

Бұрын екі мерзімге президент сайланғанда Иранға қарсы санкцияның күшейуіне себепші болған Махмұд Ахмадинежад 2017 жылғы сайлауда да кандидатурасын ұсынғанымен, біліктілік сынынан өте алмай қалды. Бұрын жоғары рухани басшы аятолла Әли Хаменеидің жақтасы ретінде танылған Ахмадинежадтың соңғы кездері аятолламен арасы суып кеткен. Хаменеи оның былтырғы сайлауға қатысуын «қоғамды екіге жаратын» мәселе ретінде бағалайтынын білдіріп, «сайлауға түспеуге кеңес берген». Ахмадинежад сонда кандидат болып тіркеліп, сайлауда жеңе қалса, елдегі дәстүрлі консерваторлық немесе реформаторлық бағытта емес, «үшінші жолмен» жүретінін білдірген.

Иранның бірнеше қаласында 28 желтоқсаннан бері биліктің әлеуметтік, экономикалық, ішкі және сыртқы саясатына қарсы наразылық акциясы болып жатыр.

XS
SM
MD
LG