Accessibility links

Алматыда экс-прокурор мен бұрынғы тергеушінің соты жалғасты


Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).
Алматы қалалық соты (Көрнекі сурет).

Алматыда өткен жылы қамауға алынған Бас прокуратураның бұрынғы қызметкері Құралбек Рахметов пен Алматы қалалық ішкі істер департаментінің бұрынғы тергеушісі Михаил Решетовтің соты жалғасты. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сотқа айыпталғандардың туыстары да, журналистер де кіргізілмеді. Сот мұның себебін түсіндірген жоқ.

Рахметов пен Решетовке қатысты іс өткен жылдың қыркүйегінде қозғалған. Оларға Қылмыстық кодекстің 412-бабының 2-бөлігі ("Көрiнеу кiнәсiз адамды қылмыстық жауапқа тарту") және 274-бабының 2-бөлігі ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша айып тағылып, қамауға алынған.

Содан бері айыпталғандар үш айға жуық уақыт қамауда отырып, кейін сот шешімімен бұлтартпау шарасы үй қамақпен алмастырылған.

Рахметов пен Решетов «құқық қорғау органдары мен қаржы органдары қызметкерлерінің іс-әрекетінде қылмыстық құрамның жоқтығына қарамастан» оларға «қылмыстық топ құрамында болды, жалған кәсіпкерлікпен айналысуға болысты және қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланды» деген айып таққан.

Рахметов бұл айыпты жоққа шығарып отыр. Ол «Бұрын қаржы полициясында жұмыс істеген алты адамның кінәсін мойындап жазған түсініктемесін Алматы қалалық прокуроры Жарқынбек Бақашбаев есепке алмай отыр» дейді. Сотта оқыған баяндамасында Рахметов «Бақашбаев әлгі қаржы полициясының алты қызметкері мен кінәсін мойындап жазған хатын ескермей, Жоғарғы соттың мемлекет қазынасына 7,6 миллиард теңге өндіріп беру туралы шешіміне заңсыз санкция жариялағанын» айтты.

«Қазақстан әлем» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Сәбит Сұлтанғали айыпталғандарға қамауда отырған кезде "қысым көрсетілгенін" айтады. Азаттық тілшісі айыпталғандардың адвокатымен сөйлесуге тырысқанымен, адвокат «тергеу құпиясын жарияламау туралы қолхат бергенін» айтып, комментарий беруден бас тартты.

XS
SM
MD
LG