Accessibility links

ЕО "фейк жаңалықтармен" күресті талқылады


Мария Габриэль, ЕО-ның цифрлық экономика және қоғам бойынша комиссары.
Мария Габриэль, ЕО-ның цифрлық экономика және қоғам бойынша комиссары.

Еуропа комиссиясының сарапшылар тобы 15 қаңтарда жалған (фейк) жаңалықтармен күрес мәселелері жөніндегі жұмысшы тобының алғашқы отырысын өткізді. Сарапшылар Еуропа Одағының (ЕО) «фейк жаңалықтар» құбылысымен қалай күресу қажеттігі туралы стратегиясын дайындауға үлес қоспақ. Стратегия сәуірдің соңына қарай ұсынылуы тиіс. ЕО-ның цифрлық экономика және қоғам бойынша комиссары Мария Габриэль 2017 жылы қарашада топ жұмысына қатысуға өтініш қабылдау басталғанын мәлімдеп, 300 үміткердің арасынан 40 адамды таңдап алған.

Алғашқы кездесуден соң сөйлеген Габриэль жалған жаңалықтар «аса қатты жылдамдықпен» таралып жатқанын айтты. Оның сөзінше, мұндай жаңалықтар БАҚ беделі мен демократиялық елдердің беделіне нұқсан келтіріп, «демократиялық құндылықтарды» аяқасты етеді. Габриэль фейк жаңалықтарды анықтау мен таратудың әдістерін жасауға шақырды. «Біз ақпарат көздерінің сенімді екенін қамтамасыз етуіміз керек» деді Мария Габриэль.

Сарапшылар тобын Нидерландтағы Утрехт университетінің профессоры Мадлен Де Кок Бунинг басқарады. Ол интеллектуалдық меншік, авторлық құқық және БАҚ туралы заңнамалар бойынша маман саналады. Бұл топ құрамында сонымен қатар AFP және ARD сияқты медиакомпаниялар мен Facebook, Google және Twitter тәрізді интернет компанияларының өкілдері де бар.

XS
SM
MD
LG