Accessibility links

Түркия: Сириядағы күрдтердің жаңа әскери құрылымын жоямыз


Режеп Ердоған, Түркия президенті. Анкара, 15 қаңтар 2018 жыл.
Режеп Ердоған, Түркия президенті. Анкара, 15 қаңтар 2018 жыл.

Түркия президенті Режеп Ердоған АҚШ-тың қолдауымен құрылып жатқан, Сирия-Түркия шекарасындағы күрдтер тұратын аймақты қорғау миссиясы жүктелмек «қауіпсіздік күштерін» қатаң сынады. 30 мың адамға жететін әәскери күш негізінен күрдтердің өзінен және олармен одақтас күштерден құрылмақ.

15 қаңтарда Анкарада сөйлеген Ердоған түрік билігі одақтас санайтын елдің «Түркия қауіпсіздігіне қатер төндіретін террорлық армия» құрып жатқанын мәлімдеді. Ердоған Сирияның солтүстігінде АҚШ-тың бастамасымен қүрылатын әскери құрылымдарды «пайда болар сәтінде» жойып жіберетінін айтып доқ көрсетті.

Сирия үкіметі де күрд әскери құрылымын құру жоспарын айыптап, оларды жойып жіберетінін және сонымен қатар елдегі екі мыңға тарта америкалық әскери контингентті шығаратынын айтып, ескерту жасады. Дамаскінің одақтасы Ресей АҚШ-тың жоспарын Сирияны бөлшектеу және өз территориясының бір бөлігіне бақылау орнату әрекеті деп бағалады.

Сириядағы жеті жылға жуық уақытқа созылған соғыста АҚШ пен Түркия Сирия президенті Башар Асад билігіне қарсы күштерге көмектесіп, бірге қимыл жасаған. Вашингтон негізінен күрд жасақтарынан құрылған Syrian Democratic Forces (SDF) ұйымына қолдау көрсеткен соң АҚШ пен Түркия билігінің арасы нашарлай бастаған. SDF Сирияның Түркиямен және Иракпен шекаралас және Сирия территориясына ішкерілей еніп жатқан аудандарындағы күрд елді мекендерін қорғайды деп саналады.

XS
SM
MD
LG