Accessibility links

Киевте наразылар мен полиция қақтығысты


Украина парламенті алдындағы демонстранттар мен полицияның қақтығысы. Киев, 16 қаңтар 2018 жыл.
Украина парламенті алдындағы демонстранттар мен полицияның қақтығысы. Киев, 16 қаңтар 2018 жыл.

Сейсенбіде Киевте Украина парламенті жанында наразылық танытушылар мен полиция арасында қақтығыс болды. Парламентте 16 қаңтарда елдің шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылауда ұстап отырған аймақтарды реинтеграциялау туралы заң жобасы талқылануы тиіс.

Қақтығыс демонстранттар Жоғарғы Рада мен өткен жылы үкіметке қарсы шерушілер тіккен шатырлардың жанында көлік шиналары мен Ресей туын өртеген соң басталды. Полиция мен өрт сөндірушілер өртенген шиналарды сөндіріп, оларды шатырларға қарай лақтырды. Қауіпсіздік күштері қақтығыс кезінде наразыларды тарқату үшін химиялық сұйық зат қолданды.

Киев полициясы бұған дейін парламенттегі заң жобасын талқылау қарсаңында үкімет ғимараттары мен Жоғарғы Рада алдына 3800-ден астам полиция қызметкері орналастырылғанын хабарлаған болатын.

Демонстранттар депутаттардан реинтеграция туралы заң жобасын бірден қабылдауды талап етеді. Жобада 2014 жылы наурызда Қырымды аннексиялап, Украина шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсететін Ресей агрессор мемлекет деп көрсетілген.

Парламент бұған дейін депутаттар бұған қоса Жоғарғы антикоррупциялық сот құру туралы заң жобасын да талқылауы мүмкін екенін хабарлаған. Мұндай сот құруды Украина президенті Петр Порошенко өткен айда үкіметке қарсы шерушілердің талабынан кейін ұсынған.

Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) Украинаға 2 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі қаржылай көмекті алу үшін коррупцияға қарсы сот құру туралы шарт қойған болатын. Бірақ «Украинская Правда» ақпарат агенттігінің 15 қаңтарда хабарлауынша, ХВҚ Порошенко әкімшілігіне талқыланайын деп жатқан заң жобасын қолдамайтынын, себебі ол коррупцияға қарсы соттың тәуелсіздігіне кепілдік бере алмайтынын мәлімдеген.

ХВҚ мен оны жақтайтын өзге де ұйымдар бұған дейін Украинаны коррупциямен күрес шараларын жеделдетуге шақырған. Батыс елдері коррупциямен күресті Ресейдің ықпалын азайтудағы маңызды қадам деп біледі.

Реформаларды іске асыру 2016 жылдан бері баяулап қалған еді. Украинадағы кейбір саяси күштер мен Батыс елдері осыған байланысты 2019 жылы өтетін президент және парламент сайлауына дейін елде айтарлықтай оң өзгеріс болады дегенге күмәндана бастаған.

XS
SM
MD
LG