Accessibility links

Чехия парламенті үкіметке сенімсіздік білдірді


Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі.
Андрей Бабиш, Чехия премьер-министрі.

Чехия парламенті премьер-министр Андрей Бабиштің таяуда ғана құрылған үкіметіне сенім білдіруден бас тартты. 16 қаңтарда өткен дауыс беруде Бабиш басқаратын популистік ANO қозғалысының 78 депутаты ғана үкіметті қолдап дауыс берді. Басқа партиялардан сайланған 117 депутат қарсы дауыс берді. Чехия Конституциясы бойынша, енді үкімет отставкаға кетуі тиіс. Чехия президенті Милош Земан бұған дейін Бабишке үкіметті жасақтауды қайта тапсыратынын мәлімдеген. Егер жаңа құрылған үкіметке үш рет сенімсіздік білдірілсе, онда елде мерзімінен бұрын сайлау өтеді.

Бабиштің бәсекелестері оның жақтастарымен коалициялық үкімет құру туралы келіссөз өткізуге дайын екенін, бірақ Бабиштің қайта премьер болғанына келіспейтінін айтады. Андрей Бабишке Чехияда қылмыстық іс қоозғалған. 16 қаңтарда премьер-министр өзінен депутаттық қол сұғылмау құқығын алып тастауға келісетінін мәлімдеген. Парламент бұл туралы шешімін таяу күндері шығаруы тиіс.

Чехияның іс басындағы премьері Андрей Бабиш агроөнеркәсіп кешені саласындағы ірі бизнесмен саналады. Полиция Бабиш он жыл бұрын ЕО-дан шағын бизнесті дамыту үшін екі миллион еуро көлемінде субсидия алу үшін иелігінде ферма мен конгресс орталығы барын жасырған деп күдіктенеді. Субсидия алу кезінде заң бұзылғанын Еуропаның алаяқтықпен күрес бюросы да растаған. Бабиш өзіне тағылған айыпты терістейді және оның саяси астары бар деп біледі.

Бабиш бастаған популистік ANO қозғалысы 2017 жылы қазанда өткен парламент сайлауында жеңіске жеткен, бірақ парламентте абсалютті көпшілік орынға ие бола алмаған. Чехия президенті Милош Земан бұған қарамастан Бабишке үкіметті жасақтауды жүктеген. 16 қаңтарда парламент депутаттары Бабиш үкіметіне сенім білдіруге қатысты дауыс береді.

XS
SM
MD
LG