Accessibility links

Украинада Наталья Поклонскаяның ақыл-есін тексеруге шақырды


Наталья Поклонская, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты.
Наталья Поклонская, Ресей Мемлекеттік думасының депутаты.

Украина Жоғарғы Радасының депутаты Игорь Мосийчук Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Наталья Поклонскаяны мәжбүрлі түрде психиатрлық сараптамадан өткізуге шақырды. Депутат мұны Сербский атындағы әлеуметтік және сот психиатриясы ғылыми орталығында жүргізуді ұсынды.

Мосийчук мұндай ұсынысты Поклонская Украина бас прокуратурасынан украиналық бірқатар шенеунікке қарсы іс қозғауды сұраған соң білдіріп отырғанын мәлімдеді.

Наталья Поклонская Украина бас прокуратурасынан президент Петр Порошенко, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Александр Турчинов және ішкі істер министрі Арсен Аваковқа қарсы іс қозғауды сұраған. Поклонскаяның пікірінше, олардың Украинада «мемлекеттік төңкеріс жасап, Донбастағы соғысқа себепкер болған қылмыстық ұйым құруға қатысы бар».

Украинада Поклонскаяның өзіне қарсы «мемлекетке сатқындық жасады» және «Қырым татарлары меджлисінің қызметіне тыйым салды» деген айыппен екі іс қозғалған. Ол сонымен қатар Еуропа Одағы, Австралия, Швейцария, Лихтенштейн және Норвегияның санкция тізіміне ілінген.

Наталья Поклонская 2014 жылға дейін Украина прокуратурасында жұмыс істеген. Ал 2014 жылдың көктемінде Ресей билігі оны «Қырым Республикасының прокуроры» етіп тағайындаған. Ол бұл қызметті Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін де атқарған. Поклонская 2016 жылдан бері Мемлекеттік дума депутаты.

XS
SM
MD
LG