Ақтөбе облысында өртенген автобуста тірі қалған бес адамның екеуінің қолын күйік шалған деп хабарлады Азаттыққа Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жасқайрат Сүлейменов.
- Екі өзбек азаматының қолы күйген. Оларға сол жерде төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көмек көрсетіп, қолдарын таңып берген. Қалған үш азамат - автобус жүргізушілері еш зардап шекпеген, дін аман екен. Маған белгілісі - ол азаматтардың жасы 35-40 жас аралығында, - деді бас дәрігер.
Бұған дейін 18 қаңтар күні Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына қарасты Қалыбай ауылынан 10 километрде Шымкент - Самара жолында "Икарус" жолаушылар автобусы өртеніп, 52 адам қаза тапқаны хабарланған. Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз хатшысы Руслан Иманқұловтың хабарлауынша, автобуста 55 жолаушы мен 2 жүргізуші болған. Олардың қай елдің азаматы екені анықталып жатыр.
Оқиға орнына құтқарушылар мен жедел жәрдем жәрдем қызметі, психологтар барған.