Accessibility links

Комитет: Блогерлердің әліпби өзгертуді түсіндіруіне қаржы бөлінбейді


Президент жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы жарияланған газет. 27 қазан 2017 жыл.
Президент жарлығымен бекітілген қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа нұсқасы жарияланған газет. 27 қазан 2017 жыл.

Қазақстанда латын әліпбиі бойынша түсіндіру жұмыстарына блогерлерді қатыстыруға қатысты ақпарат қызметтегі қателіктен таралып кеткен деп хабарлады мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыстар комитетіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат агенттігі. Комитет төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдештің айтуынша, электрондық үкімет порталында Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіруге арналған іс-шаралар жоспарының мақұлданбаған жобасы жарияланып кеткен және іс жүзінде халыққа әлеуметтік желілерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінбеген.

Мелдеш қателік жіберген қызметкерлері жауапқа тартылатынын, ал жоспардың мақұлданған жобасы алдағы күндері электрондық үкімет порталында жарияланатынын айтты.

Ғалымжан Мелдештің бұл сөзін Азаттыққа комитеттің баспасөз қызметі растады.

17 қаңтарда электорндық үкімет порталында қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңімен өтуіне арналған шаралардың бекітілмеген жоспары жарияланған. Жобада үкімет 2018-2025 жылдары әлеуметтік желілерде блогерлерді түсіндіру жұмысына тартуға бюджеттен 462,6 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырғаны айтылған болатын. Бұдан соң әлеуметтік желіде қолданушылар биліктің бұл жоспарын қызу талқыға салып, қарсылық білдірген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биылғы сәуір айында "2025 жылға дейін Қазақстан латын әліпбиіне көшуі тиіс" деп мәлімдеген болатын. Осы мәлімдемеден кейін парламентте латын нұсқасындағы қазақ әліпбиінің екі нұсқасы ұсынылып, арты пікір-таласқа айналды.

Ал 26 қазан күні президент Назарбаевтың латын әліпбиінің апострофты нұсқасын қабылдау туралы жарлығы шыққан.

XS
SM
MD
LG