Accessibility links

Мешіттерде автобус өрті құрбандарына құран бағышталды


Ақтөбе маңында жанып кеткен автобус. 18 қаңтар 2018 жыл.

Қазақстан мешіттерінде 19 қаңтарда жұма намазынан соң Ақтөбе облысындағы автобус өртінен қаза тапқандарға құран бағышталды. Бұған дейін Қазақстан мұсылмандары басқармасының төрағасы, бас мүфтий Серікбай Ораз Ақтөбедегі автобус өртінен 52 өзбек азаматының құрбан болуына байланысты Өзбекстан мұсылмандарына көңіл айтқан. Ол сонымен қатар Қазақстандағы мешіт имамдарына қаза тапқан өзбек азаматтарының рухына құран бағыштауды сұрап, хат жолдаған.

18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 55 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Үш жолаушы мен екі жүргізуші аман қалған.

Бұған дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевқа өзбек азаматтарының қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдаған. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған көңіл айту жеделхатында «Орны толмас қайғыға ортақтаса отыра, Қазақстан халқының атынанжәне өзімнің атымнан құрбандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін және отбасына оралуын тілеймін» делінген.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG