Accessibility links

АЕР/АР Исламабадтағы бюросының жабылуына қынжылыс білдірді


"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" корпорациясының президенті Томас Кент.
"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" корпорациясының президенті Томас Кент.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" корпорациясы Исламабадтағы бюросын жабу туралы Пәкістан ішкі істер министрлігінің қабылдаған шешіміне байланысты қынжылыс білдірді. Пәкістан барлау қызметі АЕР/АР хабарлары "Пәкістанның мүддесіне қайшы" және "дұшпанның барлау агенттігі көздегенімен үндес" деп айыптағаннан кейін корпорацияның Исламабадтағы бюросын жабуға пәрмен берген.

Бұл жайтқа байланысты мәлімдемесінде "Азат Еуропа/Азаттық радиосы" (АЕР/АР) корпорациясының президенті Томас Кент "Машаал радиосы (Азаттықтың пушту тілінде хабар тарататын қызметі) барлау агенттігінің немесе үкіметтің мүддесіне қызмет етпейтінін" айтты.

"Біздің журналистеріміз – пәкістандық азаматтар, өз еліне адал бұл адамдар өздері отбасыларымен бірге тұратын жерден хабар дайындайды. Біз олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және олардың өз жұмыстарын еш қорқыныш немесе кідіріссіз жалғастыруына рұқсат берілуін талап етеміз" деген Томас Кент.

Қаңтардың 19-ы күні Исламабадтағы АЕР/АР бюросына келген Пәкістан ішкі істер министрлігі қызметкерлері осы кеңсені жабу туралы бұйрықпен таныстырып, ғимаратты босатуды талап еткен.

Пәкістан билігі өкілінің Машаал радиосын жабу туралы бұйрығы.
Пәкістан билігі өкілінің Машаал радиосын жабу туралы бұйрығы.

Мұндай шешім АҚШ пен Пәкістанның арасындағы қарым-қатынас нашарлай түскен кезде қабылданып отыр. Бұған дейін, 12 қаңтарда Пәкістан армиясы штабының бастығы генерал Камар Жавед Баджва АҚШ-тың Пәкістанды "терроризмге қарсы жеткілікті дәрежеде күресіп отырған жоқ" деп сынауы және Вашингтонның Исламабадқа әскери көмек көрсетуді уақытша тоқтату туралы шешімін әріптес елдің "сатқындығына" балаған болатын.

"Азат Еуропа/Азаттық Радиосы" – Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Кавказ, Орталық және Оңтүстік Азия елдері, Таяу Шығыс пен Ресейге хабар тарататын халықаралық бұқаралық ақпарат құралы. Жеке меншіктегі корпорацияға АҚШ Конгресі бөлген грант бөліп, қолдау танытады. Корпорацияның пушту тілінде хабар тарататын Машаал радиосы журналистеріне соңғы екі жылдың көлемінде қысым көрсету жиілеп кеткен болатын. Freedom House халықаралық ұйымы Пәкістанды "еркін емес ел" деп атаса, Журналистерді қорғау комитеті Пәкістанды бұқаралық ақпарат құралдары үш ең қауіпті елдер қатарына жатқызған.

Машаал радиосы 2010 жылы Пәкістанның Ауғанстанмен шекарасы бойындағы тұрғындарды экстремистік үгіт-насихатқа балама ақпаратпен қамтамасыз ету үшін ашылған. Аталған аймақта Талибан экстремистері ықпалындағы өзге радиостанциялар бар.

XS
SM
MD
LG