Accessibility links

Ақтөбеде мектептегі орамал дауына қатысты сот басталды


Қайрат Жармағамбет (басына тақия киген, тік тұрған адам) сот процесіне қатысып отыр. 22 қаңтар 2018 жыл.

Дүйсенбіде Ақтөбе соты мектептегі орамал дауынан туындаған азаматтық істі қарай бастады. Шағымданушы Қайрат Жармағамбет Ақтөбедегі №10 мектептің сегізінші және тоғызыншы сыныптарында оқитын екі қызын мектеп директоры Гүлайым Иманованың қаңтардың 8-інен бері сабаққа кіргізбей отырғанын айтып, соттан оның ісін заңсыз деп тануды сұрады.

- Мектеп директоры Гүлайым Иманова қызмет бабын асыра пайдаланып, қыздарыма қысым жасап отыр. Балаларымның ел конституциясында бекітілген білім алу құқын шектеді. Мектеп формасына діни атрибуттарды қосты деп айыптады. Қыздарымның басындағы ақ орамалдың дінге қатысы жоқ. Бұл - бабалар дәстүрі, - деді Қайрат Жармағамбет сот залында.

Сотқа қалалық және облыстық білім басқармаларының өкілдерін ерте келген Ақтөбедегі №10 мектеп директоры Гүлайым Иманова Қайрат Жармағамбеттің отбасынан екі оқушының үшінші тоқсаннан бастап сабаққа жіберілмегенін растады. Гүлайым Иманованың айтуынша, оқушы қыздар сан мәрте ескерту жасалғанына қарамастан орамалдарын шешпей қойған.

Сотқа сарапшы ретінде шақырылған Ақтөбедегі білім сапасын бақылау департаментінің бас маманы Ербол Ерболатұлының айтуынша, бала мектеп формасына қойылатын талапты орындамаған жағдайда ата-ана әкімшілік жауапқа тартылады. Осындай орамал дауына орай жуырда Шалқар қаласының тұрғындарына айыппұл салынған.

Ал Шалқар қаласындағы №5 мектеп-лицейде сегізінші және оныншы сыныбында қыздары оқитын Ерболат Тұрғанбаев Азаттыққа қыздары мектепке орамалмен барып жүрген үш отбасына 12025 теңгеден айыппұл салынғанын растады. Ерболат Тұрғанбаевтың айтуынша, айыппұлмен келіспейтін ата-аналар сотқа шағымданбақ.

Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің басшысы Жолдас Қалмағамбетовтің сөзіне қарағанда, оқу жылының үшінші тоқсаны басталғалы облыста орамал тартатын 200-ден астам қыз бала мектепке бара алмай отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG