Accessibility links

Басқарма: Астанада 28 адамды үсік шалған


Астананың орталығында қар тазалап жүрген жұмысшылар (Көрнекі сурет).
Астананың орталығында қар тазалап жүрген жұмысшылар (Көрнекі сурет).

Астанада қатты аязда 28 адамды үсік шалды деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасаған ҚазАқпарат агенттігі.

Басқарма дерегіне қарағанда, 21-23 қаңтарда аяздан 28 адам, оның ішінде үш бала дәрігерлік көмекке жүгінген. Бұлардың 25-ін бірінші және екінші дәрежелі, екеуін екінші және үшінші дәрежелі үсік шалған. Бір адамды төртінші және бесінші дәрежелі үсік шалған. Зардап шеккендердің барлығына дәрігерлік көмек жасалған. Төрт адам ауруханаға жатқызылып, қалғаны үйлеріне қайтарылған.

Астанада 21 қаңтардан бері аяз күшейген. «Қазгидромет» орталығының хабарлауынша, бүгін қалада ауа температурасы -38 градусты көрсетіп тұр.

"Қазгидромет" 22-26 қаңтар арасында Қазақстанның бірнеше облысында күндіз -30-35, түнде -40-45 градусқа дейін аяз болатынын ескерткен.

Бұған дейін Астана әкімдігі тұрғындарды күннің күрт суытуына байланысты өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем, Астана қаласының ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттері, коммуналдық қызмет мекемелерінен өзге мемлекеттік органдар, білім беру мекемелері, базар мен сауда орындары және құрылыс нысандарының басшыларына жұмыс уақытын қысқартуды ұсынған.

XS
SM
MD
LG