Accessibility links

Мұғалім Сәлімбаева денсаулығына байланысты сотқа келе алмады


Гүлжан Сәлімбаева, Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп мұғалімі. Шымкент, 5 маусым 2017 жыл.
Гүлжан Сәлімбаева, Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектеп мұғалімі. Шымкент, 5 маусым 2017 жыл.

Сейсенбіде Шымкенттің Еңбекші аудандық сотында басталған сот отырысына "міндетінен тыс жұмысқа тартылған" Нұртас Оңдасынов атындағы №38 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәлімбаеваның арызы бойынша сот процесі жалғасты. Сотқа Сәлімбаеваның өзі денсаулығына байланысты қатыса алмады. Бұл туралы сотта Сәлімбаеваның сенімді өкілі Жақсылық Шекеев хабарлады.

Гүлжан Сәлімбаева Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі, Шымкент қаласы әкімдігі, облыстық және қалалық білім бөлімдері, білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті мен облыстық департаменті, №38 мектеп директоры мен орынбасарларының үстінен арыз түсірген. Судья Света Нұрбекова Гүлжан Сәлімбаева арызында педагогикалық әдеп бұзылған, өзін міндетінен тыс, заңсыз жұмысқа тартылған деп тану және моральдық шығын өндіру мен басқа да заң бұзушылықты анықтауды сұрағанын хабарлады.

Сотқа жауапты тараптардың өкілдері мен прокурор Мақсат Балқыбеков және белсенділер қатысып жатыр.

Сот отырысына №38 мектеп директоры қатыспады.

"Гүлжан Сәлімбаева денсаулығына байланысты ауруханаға жатты. Сондықтан сот отырысына қатыса алмайды" деді жәбірленуші Гүлжан Сәлімбаеваның сенімді өкілі Жақсылық Шекеев.

Оқи отырыңыз: Мұғалім мен директор дауы

Судья Света Нұрбекова жауапкерлердің өкілдерінен «талап-арызды мойындайсыздар ма?» деп сұрады. Жауапкерлердің өкілдері мойындамайтынын айтты.

Бұған дейін Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры Айман Жүсіпова мен оның орынбасарлары Дана Асылбекова және Айжамал Қозыбекова арыз түсірген. Бұл арызды Еңбекші аудандық соты мен Абай аудандық соты қарауға келмейтінін айтып, кері қайтарған.

XS
SM
MD
LG