Давоста (Швейцария) 23 қаңтар күні Дүниежүзілік экономикалық форум басталды. Форумды ашқан Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди протекционизмді әлемнің дамуына көп қауіп төндіріп келе жатқанын ескертті.
Модидің сөзінше, ғаламдану процесіне қарсы протекционизм барынша күш алып келе жатыр. Ол бұған мысалға тарифтердің көтерілуін, көп жақты сауда келісімдерін жасаудың тоқырап қалуын және трансшекаралық инвестиция көлемінің азайып кетуін келтірді.
Модидің бұл сынынан бірнеше сағат бұрын АҚШ үкіметі кір жуу машиналары мен күн батареяларын импорттауға арнайы тарифтер енгізуді мақұлдаған.
АҚШ президенті Дональд Трамп Давостағы форумда 24 қаңтар күні сөйлейді. Трамптың экономикалық саясатына қарсы шығатындар оның ішкі бизнесті шетелдік бәсекелестерден қорғауды көздейтін «Ең алдымен Америка» деген ұранға берік екенін айтады.
Давостағы форумға 60-тан астам мемлекет басшысы, бизнесмендер, ғалымдар, экономистер және азаматтық қоғам өкілдері жиналған. Форум төрт күн болады. 2018 жылғы форум «Бөлшектелген әлемде ортақ болашақ түзу» ұранымен өтіп жатыр.