Accessibility links

Бюро: "Ерімбетов азапталды" деген мәлімдемелер жалған


Ескендір (Искандер) Ерімбетов, қамаудағы іскер
Ескендір (Искандер) Ерімбетов, қамаудағы іскер

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Алматыда тергеу абақтысында қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовтің «азапталғаны» туралы мәлімдемелерді жоққа шығарды. Ұлттық бюро 24 қаңтар күні таратқан хабарламасында Ерімбетовтің әке-шешесі Мырзахан және Ғайни Ерімбетовтердің және адвокаты Жанар Балғабаеваның Ерімбетовті тергеушілер «азаптап, заңсыз әдіс-тәсілмен жауап алғаны» туралы мәлімдемелерін терістеді.

Бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылдың 13 қарашасы күні Алматыда «қаржы жымқырды және жылыстатты» деген күдікпен тұтқындалған. 15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан.

Ескендір Ерімбетовтің анасы Ғайни Ерімбетова 11 қаңтар күні түске дейін абақтыдағы ұлымен жолығып, оның «аяусыз азапталып, соққыға жығылғанын» көрген. Ол сол күні түстен кейін Алматы қаласының арнайы прокурорына ұлының азапталғанына қатысты арызданған.

Арнайы прокурор арызға уақытында жауап бермеген соң, 14 қаңтар күні Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі үкіметтің egov.kz сайты арқылы бас прокуратураға шағымданған. Ғайни және Мырзахан Ерімбетовтер бас прокуратураны Алматы қаласының арнайы прокурорын және ұлын еркінен тыс суретке және видеоға түсіріп, кейін оның суреті мен видеосын таратқан билікшіл кейбір БАҚ-ты жауапқа тартуды сұраған. Ал бірер күн бұрын Ескендір Ерімбетовтің әке-шешесі ұлдарының «азапталғанына» қатысты іс қозғалғанын хабарлаған.

15 қаңтар күні Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Адам құқығы орталығының басшысы Серік Оспановтың 12 қаңтарда Ескендір Ерімбетовпен жолыққанын хабарлаған. Оның қорытындысында Адам құқығы жөніндегі орталық бас прокуратураға Ескендір Ерімбетовтің тергеу абақтысында «азаптауға ұшырағаны» туралы мәлімдемені тексеру барысын бақылауға алуды және қажет болса тиісті шаралар жасауды сұраған.

Ұлттық бюро Ерімбетовтің "азапталмағанын" Серік Оспановтың тергеу абақтысына барғаннан кейін берген есебі, сот-медициналық сараптамасының қорытындысы "растайтынын" айтады. "Ерімбетовті екінші қайтара медициналық тексеру, оның ішінде рентгенге түсіру кезінде дене жарақаты, я көгерген ешнәрсе байқалмады" делінген бюро хабарламасында.

Қаңтардың 12-сі тергеуші Ерік Уәлиев Ескендір Ерімбетовті тергеуге шақыртқан кезде үкіметшіл бірқатар интернет сайттарының журналистері Ерімбетовті сурет және видеоға түсіріп алып, кейін оларды жариялап, тұтқынның "азапталғаны туралы сөздер бекер" деп хабарлаған. Сенбі күні тергеуші Уәлиевтің көзінше қорғаушыларына тұтқын Ерімбетов әлгі фото мен видеоға өзін түсіруге рұқсат бермегенін айтқан.

Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Ескендір Ерімбетов пен тағы үш адам өткен жылғы қарашадан бері тергеу абақтысында отыр. Олардың үстінен "БТА банктен қаржы жымқырған" деген күдікпен іс қозғалып, мүліктеріне арест салынған.

XS
SM
MD
LG