Accessibility links

Жоғарғы сот Әли Ферузды Ресейден шығару шешімін жойды


Журналист Әли Феруз.
Журналист Әли Феруз.

Ресей Жоғарғы сот "Новая газета" басылымының журналисі Әли Ферузды Ресейден шығару туралы шешімнің күшін жойып, істі Мәскеу қалалық сотына қайта қарауға жолдады. Осылайша сот Әли Феруздың талабын жартылай қанағаттандырды.

Жоғарғы соттың пікірінше, Феруз ісін қарау кезінде оның уәжі "дұрыс ескерілмеген".

Жоғарғы сот Мәскеу қалалық сотына Германия елшілігінің хатын ескеруге кеңес берді. 2017 жылы 4 тамызда жазылған бұл хатта Ферузға Германияға баруына рұқсат берілгені айтылған.

Желтоқсаның соңында Еуропаның адам құқықтары жөніндегі соты Әли Феруздың шағымын қабылдап, Ресей билігіне оның жеке бас еркіндігі мен жеке басына қол сұғылмаушылық құқығы бұзылған жоқ па деген мәселені анықтауды сұраған.

Еуропадағы адам құқықтары жөніндегі сот шешіміне сүйенген Жоғарғы сот Ферузды Шетел азаматтарын уақытша ұстау орталығына орналастыру туралы шешімді жойды. Сот мұндай шешім "оның еркіндігін себепсіз шектейді" деп есептейді.

Өзбекстан азаматы Әли Феруз (шын аты-жөні - Худоберди Нурматов) бірнеше жылдан бері Ресей билігінен босқын мәртебесін ала алмай жүрген болатын. Ресей ішкі істер министрлігі "Феруз Өзбекстанға оралу жеке басына қауіпті екендігіне дәлел келтіре алмады" деген уәж айтқан. Бірақ журналистің туыстары, әріптестері мен құқық қорғаушылар Өзбекстанда Феруздың өміріне қатер төнеді дейді.

1 тамыз күні Мәскеуде Ферузды "көші-қон заңын бұзды" деген айыппен ұстаған. Кейін Ресей соты Феруздың шағымы Еуропаның адам құқығы жөніндегі соты қарағанға дейін журналисті Өзбекстанға депортациялау туралы шешім күшін уақытша тоқтатқан. Әли Феруз содан бері шетелдік азаматтарды уақытша ұстау орталығында отыр.

XS
SM
MD
LG