Accessibility links

Давоста Трамптың протекционизм саясатын сынады


Германия канцлері Ангела Меркель Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеп тұр. 24 қаңтар 2018 жыл.
Германия канцлері Ангела Меркель Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда сөйлеп тұр. 24 қаңтар 2018 жыл.

Германия мен Италия басшылары Давоста өтіп жатқан Дүниежүзілік экономикалық форумда ұлтшылдық пен протекционизм көріністерін сынады. Олар бұл тенденцияларға алаңдайтынын АҚШ президенті Дональд Трамп форумда сөйлердің қарсаңында мәлімдеді. Трамптың экономикалық саясатына қарсылар оның «Ең алдымен Америка» деген ұранды берік ұстанатынын және ішкі бизнесті шетелдік бәсекелестерден қорғау жоспары барын айтады.

«Біз оқшаулану көмектеседі деп ойламаймыз. Біз ынтымақтасуымыз керек. Протекционизм – проблеманы шешпейді» деді Германия канцлері Ангела Меркель. Италия премьер-министрі Паоло Джентилони саяси басшылардың өз елінің экономикасы мен азаматтарын қорғау ниетін түсінуге болатынын, бірақ мұндай саясаттың шегі болу керегін айтты.Ол халықаралық ынтымақтастыққа сызат түсіруге қарсы екенін білдірді.

Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форум 23 қаңтарда басталған. Форумға 60-тан астам мемлекет басшысы, бизнесмендер, ғалымдар, экономистер және азаматтық қоғам өкілдері жиналған. Төрт күнге созылатын форум «Бөлшектелген әлемде ортақ болашақ түзу» ұранымен өтіп жатыр. Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамп форумда АҚШ-та бизнес істеудің мүмкіндіктері туралы айтып, серіктестерінен «барынша тең дәрежеде сауда саясатын» жүргізуді талап ететінін хабарлады.

XS
SM
MD
LG