Accessibility links

БАҚ: Ресеймен байланысты тексеруде ЦРУ басшысы тергелді


Майк Помпео, АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы.
Майк Помпео, АҚШ Орталық барлау басқармасының басшысы.

«Ресей АҚШ-тағы президент сайлауына киліккен болуы мүмкін» деген болжамды тергеу аясында АҚШ арнайы қызметінің жоғары шенді шенеуніктері, оның ішінде Орталық барлау басқармасының (ЦРУ) басшысы Майк Помпео тергелді. Бұл туралы Reuters агенттігі өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады. Ақпаратқа арағанда, тергеуге жетекшілік ететін арнайы прокурор Роберт Мюллер «АҚШ президенті Дональд Трамп тексерудің әділ өтуіне кедергі келтірмек болды ма екен?» деген сауалға жауап таппақ болған.

Washington Post басылымының мәліметінше, Мюллер Трамптың өзімен оның Федералдық тергеу бюросының директоры Джеймс Комиді және ұлттық қауіпсіздік бойынша бұрынғы кеңесшісі Майкл Флинді не үшін қызметінен босатқаны туралы сөйлескісі келеді. Комидің айтуынша, қызметінен босатылмас бұрын президент өзінен Флиннің Вашингтондағы Ресей елшісімен байланысын тергеуді тоқтатуды сұраған.

Бірнеше ай бұрын Трамп Мюллердің командасымен сөйлесуге «100 пайызға дайын» екенін айтқан болатын. Бірақ кейін «ешқандай астыртын сөз байласу болмағанын»айтып, мұндай әңгіменің қажет екеніне күмәнданған. Мәскеу АҚШ-тың ішкі ісіне араласқаны туралы айыпты жоққа шығарады.

Осы аптада тергеу аясында АҚШ бас прокуроры Джефф Сешнстің тергелгені мәлім болған. Ол Трамп әкімшілігіндегі Мюллердің тергеушілері жауап алған әзірге алғашқы жоғары шенді адам болып отыр. Америкалық телеарналардың хабарлауынша, арнайы прокурор қаңтардың соңына дейін Трамптың бұрынғы кеңесшісі Стив Бэннонмен сөйлеспек.

XS
SM
MD
LG