Accessibility links

Шымкентте полицейлердің күдіктіні "қинағанын" мәлімдеді


Дінмұхамед Әсетов пен Алиса Перменова. Шымкент, 26 қаңтар 2018 жыл.
Дінмұхамед Әсетов пен Алиса Перменова. Шымкент, 26 қаңтар 2018 жыл.

Шымкентте қала тұрғындары Дінмұхаммед Әсетов пен Алиса Перменова баспасөз мәслихатын өткізіп, полицейлердің өздерін және сотталған туысы Руслан Самотовинді «азаптап, қинағаны» туралы мәлімдеді деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Руслан Самотовин 2017 жылдың қыркүйектің 29-ы күні Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен «кісі өлтіру» бабы бойынша айыпталып, 12 жылға бас бостандығынан айырылған. Бұрын бірнеше рет сотталған Руслан Самотовиннің нағашысы Дінмұхамед Әсетов оның «жазықсыз сотталғанын» айтады. Оның сөзінше, Руслан Самотовин мен куәгер Алиса Перменованы учаскелік полицей Талғат Тағаев пен полиция қызметкері Әлиәскер Мұстафаев "азаптаған". Айтуынша, Руслан Самотовинді «бүйрегінен ұрып, басына целлофан пакетін кигізіп, тұтшықтырған, есінен тандырып, шашынан сүйреген».

- Руслан Самотовин менің жиенім. Ол адам өлтірмесе де, полицейлер оны өлтірді деп мойындауға мәжбүрледі. Сараптама қорытындысы бойынша, саусақ іздері де сәйкес келмеді. Қылмыс жасалған уақытта басқа жерде болғанын дәлелдейтін куәлер бар. Қолымызда оның адам өлтіруге қатысы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар бар.Бірақ оны сонда да ауыр қылмыс жасады деп айыптады, - дейді Дінмұхамед Әсетов.

Руслан Самотовиннің жолдасы Винали Николаевтың азаматтық некедегі әйелі Алиса Перменова бұл істі тергеу кезінде учаскелік полицей Талғат Тағаев өзін «қинағанын» айтады.

- Талғат Тағаев полиция бөлімшесіне алып барып, айқайлап, ұрып, тұршықтырды,балағаттады. Қолыма қағаз берді де қол қойдырды. Руслан Самотовинаға қарсы куәлік етуімді талап етті, - деді ол баспасөз мәслихатында.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзованың Азаттыққа айтуынша, 2017 жылдың 10-мамырында Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық полиция бөлімшесіне «кісі өлтіру» бабы бойынша іс тіркелген. Бұл іс бойынша күдікті ретінде 1975 жылы туған Руслан Самотовин ұсталған. Қаракөзова «тергеушілер күдіктінің айыбын толық дәлелдегенін» айтып, азаптау туралы мәлімдемені жоққа шығарды.

- Тергеу екі ай жүргізілді. Тергеу кезінде күдікті ішкі қауіпсіздік қызметі басқармасына полицейлердің азаптағанын айтып, арызданған. Арызды ұлттық бюроның тергеушілері тексерген. Бірақ арызда айтылғандарға дәлел таппады, - дейді Салтанат Қаракөзова.

XS
SM
MD
LG