Қырғызстан Өзбекстанға электр қуатын экспорттауды тоқтатты деп хабарлады осы ел билігі. Қырғызстан энергетикалық холдингінің өкілі Аман Қалыбеков бұның республика аумағындағы қатты суықпен байланысы жоғын мәлімдеді. Оның сөзінше, бұндай шешім Қырғызстанда электр қуаты тапшылығын болдырмау үшін қабылданған.
Холдинг пен Өзбекстандағы импорттаушы компания арасында жасалған келісім бойынша, электр қуатын экспорттауды ауа-райы күрт өзгергенде ғана тоқтатуға болады. Болжам бойынша, Өзбекстанға электр қуаты ауа-райы жылынған соң ғана қайта беріле бастайды.
Қырғызстан төтенше жағдайлар министрі Кубатбек Боронов 25 қаңтарда президент Сооронбай Жээнбековпен кездескенде «қатты суықтан электр желілері, жылу қазандықтары мен жылу жүйелері істен шығуы мүмкін» екенін хабарлаған.
Бұған дейін Қырғыстан төтенше жағдайлар министрлігі Шу облысының кейбір аудандарында ауа температурасы -30 градусқа, ал Суусамыр алқабында -40 градусқа дейін төмендеуі мүмкін екенін ескерткен.