Accessibility links

ЕКПА: Астана саяси қаудалауды тоқтатуы керек


Ескендір Ерімбетов.
Ескендір Ерімбетов.

Еуропалық бір топ депутат Қазақстанда қамауда отырған бизнесмен Ескендір Ерімбетовті «азаптап, қинап жатқанына» алаңдады. Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) 25 қаңтарда ресми сайтында Еуропа Одағының (ЕО) 13 елінің 24 депутаты қол қойған жазбаша декларацияны жариялады. Декларацияда депутаттар Қазақстанды Азаматтық және саяси құқық туралы халықаралық пакт талаптарын толық сақтауға шақырды.

Құжатта 2017 жылы қабылданған Еуропа кеңесінің Қазақстанмен өзара қарым-қатынасы туралы қарарында БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі комитеті бұған дейін «кейбір мәселелерді, әсіресе тұтқындарды азаптау мен қинауға, сот жүйесінің тәуелсіздігіне және әділ сот өткізуге қатысты алаңдаушылық тудыратын проблемаларды» көтергені айтылады.

ЕКПА депутттары бұған дейін қабылданған декларацияда да Қазақстанды «саяси қудалау мен азаптауды тоқтатуға» шақырғанын айтады.

«Біз содан бері саяси тұтқындар санының тек артқанына өкінеміз. Қазір Қазақстанда кем дегенде 35 саяси астары бар сот тіркеліп отыр. Талғат Аян, Макс Боқаев, Мұхтар Жәкішев, Ескендір Ерімбетов, Арон Атабекке тиісті дәрігерлік көмек көрсетілмей отыр. Оларды жедел ауруханаға жатқызу керек. Бірақ оларды азаптап, дұрыс қарамай отыр» делінген декларацияда.

Бизнесмен Ескендір Ерімбетов пен оның үш әріптесі 2017 жылдың 13 қарашасы күні Алматыда «қаржы жымқырды және жылыстатты» деген күдікпен тұтқындалған. 15 қарашада тергеу соты күдіктіні екі айға қамауға санкция беріп, ол Алматы ішкі істер департаментінің тергеу абақтысына жабылған. 9 қаңтарда сот оны қамау мерзімін екі айға (13 наурыз) ұзартқан.

Қазақстан билігі «БТА банкінен» жымқырылған қаржыны «жылыстатуға қатысы бар» деп айыптайтын Ескендір Ерімбетовтің туыстары оған қарсы істі қолдан жасалған және ол азапталып жатыр деп мәлімдеген.

Оқыңыз: Азаптау шағымы "Ерімбетов ісінің" сипатын өзгертті

Туыстары Ерімбетовті кезінде «БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязовтің заңгері болған қарындасы Бота Жәрдемәліні елге қайтару үшін қуғындап отыр деп біледі. Мұхтар Әблязов өзін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласымын деп санайды.

Қазақстанның Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы 24 қаңтарда 46 жастағы Ескендір Ерімбетовтің туыстарының оны тергеу абақтысында «азаптап жатыр» деген мәлімдемелерін жоққа шығарған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG