Accessibility links

Қостанайда 61 жастағы зейнеткер 19 жылға сотталды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қостанай облысында 61 жастағы зейнеткер әйел 19 жылға бас бостандығынан айрылды деп хабарлайды жергілікті басылымдар. Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны Қостанай және Рудный қалаларында бір жыл бойы героин сатумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа жетекшілік еткені үшін айыпты деп таныған.

Айыптау материалдарында зейнеткер әйел ұсталған кезде үйінен үш келіден аса героин, ескіртіні орап-бууға арналған құрал, есірткі сатушылармен жасырын байланысу үшін пайдаланылған ондаған ұялы телефон табылғаны айтылған. Бұған қоса полиция әлгі үйден тапанша, қару, оқ-дәрі тапқан.

Зейнеткермен бірге тағы он адам жауапқа тартылған, арасында бес әйел бар. Көпшілігі бұрын сотталған және есірткіге тәуелді жандар деп хабарланды. Олардың бәрін өткен жылы желтоқсанда ұстаған. Сот оларға жасаған қылмысының ауырлығы мен кінәсін мойындауына қарай 7 жылдан 17 жыл аралығында қамау жазасын тағайындаған.

Сот процесі барысында сотталушылар полицияның іс-әрекетіне шағым айтып, өздеріне "артық айыптар ілгені" туралы мәлімдеген. Істі қараған судья Абай Райысов Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің атына қылмыстық-процессуалдық заң нормаларын бұзуға байланысты жеке қаулы да шығарған.

Сот үкімі күшіне әлі енген жоқ. Сотталушылар үкіммен келіспейтіндері туралы шағым түсіруі мүмкін деп хабарлайды жергілікті "Костанайские новости" басылымы.

XS
SM
MD
LG