Accessibility links

Өзбекстанда мигранттар мен отбасыларын ВИЧ-ке тексерілуді міндеттейді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Өзбекстан президенті ВИЧ (адамның иммундық тапшылық вирусы) дертінің таралуына қарсы күрес шараларын нығайту туралы құжатқа қол қойды. Ондай шараның бірі ретінде шетелде ұзақ уақыт болған адамдармен жұмыс жүргізу белгіленген деп хабарлайды Podrobno.uz сайты.

Құжатта Өзбекстанда 2018 жылға арналған ВИЧ дертінің таралуына қарсы күрес бойынша мемлекеттік бағдарлама бекітілген. Онда ғылыми зерттеулерді дамыту және отандық тест-жүйелерін шығарудан бастап алдын алу жұмыстарын күшейтуге дейінгі үлкен шаралар тізімі қарастырылған.

Негізгі маңызды шаралардың бірі – жұқпалы вирусқа қарсы дәрі-дәрмектерді сатып алуға бөлінетін қаржыны ұлғайту көзделген, яғни бұл дерт жұқтырған азаматтарды қажетті дәрімен қамтамасыз ету және науқастың өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеспек. Сонымен бірге науқастарды әлеуметтік қорғау шаралары да қарастырылған. Мысалы, ВИЧ дертіне шалдыққан аналардан туған балалар сүт құрғақ қоспасымен қамтамасыз етілетін болады.

Құжатта дертті жұқтыру қаупі жоғары топтар арасында міндетті алдын алу шаралары жүргізілетіні айтылған. Өзгелермен бірге бұл топқа еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де енгізілген. Президент бұл санаттағы азаматтармен жұмыс жүргізетін жүйе әзірлеп бекітуді тапсырған. Бағдарламада кадр дайындау, шетелдік білім және ғылыми институттармен өзара әрекет жасау, сонымен бірге мамандандырылған мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға баса назар аударылған.

Ресми мәліметтер бойынша, Өзбекстанда ВИЧ дертіне шалдыққан азаматтар саны 32 мың адамнан асқан.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша, бүкіл әлемде ВИЧ-ке шалдыққан және дерті асықынып бара жатқан науқастардың тек 47 пайызы ғана ем қабылдайды. Вирус жұқтырғандардың едәуір бөлігі ол туралы хабарсыз немесе тым кеш біледі.

XS
SM
MD
LG