Accessibility links

Милош Земан Чехия президенті болып қайта сайланды


Чехия президенті Милош Земан
Чехия президенті Милош Земан

Сенбі күні Чехияда өткен президент сайлауының екінші кезеңінің қорытындысы бойынша, осы қызметті атқарып келген 73 жастағы Милош Земан келесі бес жыл мерзімге қайта сайланды. Оның бәсекелесі Чехия ғылым академиясының бұрынғы басшысы Иржи Драгош сайлауда жеңілгенін мойындайтыны туралы мәлімдеді.

Алдын ала қорытынды бойынша, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 51 пайыздан көбі Земанды жақтап дауыс берсе, 48 пайыздан астамы Драгошқа қолдау танытқан.

Бұдан екі апта бұрын сайлаудың бірінші кезеңінде Земан 39 пайызға жуық дауыс жинап, сайлаушылардың 26 пайызға жуығы қолдау білдірген Драгош екеуі президент сайлауының екінші кезеңіне өткен болатын.

Чехияда ел президентін жалпыхалықтық төте дауыс беру арқылы сайлау жүйесі бес жылдан сәл астам уақыт бұрын енгізілген. Оған дейін президентті парламент мүшелері сайлайтын. Милош Земан ел тарихында алғаш рет бүкілхалықтық сайлауда екі мерзім қатарынан президенттікке сайланған тұлғаға айналды.

Еуропалық саясаткерлер арасында Ресейге жылы қабақ танытатын басшы ретінде танылған Милош Земан Қырым аннексиясы мен Шығыс Украинадағы жанжалға байланысты Батыс елдері Ресейге салған санкцияларды алып тастауды ұсынған. Ол президенттігінің алғашқы мерзімінде Ресейге бірнеше рет сапармен барған.

XS
SM
MD
LG