Бүгін Ресейдің бірқатар қалаларында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жақтастары оның ұйымдастырумен "Сайлаушылар ереуілі" акциясына шықты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Бұл туралы тікелей желі хабарларын мына сілтеме бойынша көре аласыз.
Улан-Удэ, Иркутск және Магаданда шерулер өткен. Владивостокта қарсылық акциясын өткізуге келісім бермеген жергілікті билік шара өтеді деп жоспарланған жерге, куәгерлердің айтуынша, полиция көліктері мен қар жоқ болса да қар күрейтін техниканы апарып қойған.
Чита мен Иркутск қалаларында қарсылық акциясына шыққандар ұсталғаны туралы ақпарат түскен. Барнаулда саясаткердің штабынан техника мен үнпарақтарды алып кеткен, Новосибирск пен Омбыдағы штабтарда да тінту жүргізген. Кемеров қаласындағы Навальный штабының үйлестірушісі Ксения Пахомованың хабаралуынша, полиция оны көшеден ұстаған.
Өткен жылдың соңында Ресей орталық сайлау комиссиясы Алексей Навальныйды "Кировлес" ісі бойынша сотталуына байланысты президент сайлауына қатысуға үміткер ретінде тіркеуден бас тартқаннан кейін оппозициялық саясаткер жақтастарын бүкіл ел көлемінде қарсылық акцияларын өткізуге шақырған.
Ресейдің кей қалаларында жергілікті билік орындары акцияларды түрлі форматта өткізуге келісім берген. Ал Мәскеу мен Санкт-Петербург қалаларында билік орындары ұйымдастырушылардың сұраған орындарын қарсылық шеруін өткізуге бермей қойған. Ресей ішкі істер министрлігі өкілдері президент сайлау қарсаңында митингі өткізу туралы заң талабын бұзушыларға қарсы қатаң шаралар қолданылатыны жөнінде ескерткен.
Билік өкілдері соңғы бірнеше аптада Навальныйдың ондаған штабында тінтулер жүргізген.