Accessibility links

Ресейде қарсылық акциясына шыққандарды полиция ұстады


"Сайлаушылар ереуілі" акциясына қатысушылар. Томск, Ресей, 28 қаңтар 2018 жыл.
"Сайлаушылар ереуілі" акциясына қатысушылар. Томск, Ресей, 28 қаңтар 2018 жыл.

Ресейде бүгін оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың бастамасы бойынша өтіп жатқан "Сайлаушылар ереуілі" қарсылық акциясына шыққандарды полиция ұстап жатыр. Тікелей эфирде хабар таратып отырған Навальный LIVE арнасының мәліметінше, Кемеров қаласында полиция бөліміне оннан аса адам жеткізілген. "ОВД-Инфо" порталының дерегі бойынша, шеруге қатысқаны үшін 14 белсенді ұсталған.

Бұған дейін Навальныйдың Кемеров қаласындағы штабының үйлестірушісі Ксения Пахомованы билік өкілдері таксиден шығарып алып кеткені туралы ақпарат тараған. Белсендінің өзі полиция бірнеше күн бойы оның қыр соңынан қалмай, жақын-туыстарына қысым көрсеткені туралы хабарлаған.

Кемеров қаласының билік орындары қарсылық акциясын өткізуге келісім бермеген.

Томск қаласында жергілікті Навальный штабының үйлестірушісі Ксения Фадеева мен бірнеше белсендіні полиция ұстаған. "ОВД-Инфо" порталының хабарлауынша, ел көлемінде жиырмадан астам адам ұсталған.

Бүгін Ресейдің шығысындағы бірнеше қалада "Сайлаушылар ереуілі" акциясы өтті. Оппозиционердің жақтастарының айтуынша, шара барысында полиция бірнеше адамды ұстап, кейін босатқан. Қақтығыстар мен арандатушылар туралы ақпарат түскен жоқ.

XS
SM
MD
LG