Accessibility links

Польша президенті Холокост туралы заң жобасын қайта қарамақ


Анджей Дуда, Польша президенті.
Анджей Дуда, Польша президенті.

Польша президенті Анджей Дуда Холокос пен нацистік лагерлердің анықтамасы туралы жаңа заң жобасын қайта қарауға уәде берді. Бұған дейін бұл заң жобасы Израиль мен Польша арасында дипломатиялық жанжал тудырған.

26 қаңтар күні «Құқық және әділеттілік» партиясы көпшілік орынды иеленген Польша сеймі (парламент) нацистердің концентрациялық лагерлерін поляктардікі болған, немесе поляктарды нацистермен бірдей қылмыс жасаған дегендерге айыппұл салатын, я үш жылға дейін түрмеге жабатын заң жобасын мақұлдаған.

Польшалықтар мен шетелдіктерге бірдей қолданылатын заң жобасы президент қол қоймас бұрын сенаттың мақұлдауынан өтуі тиіс. Анджей Дуда 28 қаңтарда «парламент заң жобасымен айналысып болып, оның түпкілікті формасын тыңғылықты сараптаған соң құқықтық баға беретінін» мәлімдеді.

Заң жобасында «Үшінші рейх жасаған қылмысқа немесе басқа да адамзат пен бейбітшілікке қарсы және әскери қылмыстарға поляк халқы немесе Польша тікелей немесе жанама жауапты» дегендерге айыппұл салуды немесе үш жылға дейін түрмеге қамауды қарастыратын бап бар.

Израильдің Польшадағы елшісі Анна Азари польшалық ПАП агенттігіне Израиль Польшаның мұндай заң қабылдайын деп отырғанына қынжылатынын айтты. Оның сөзінше, Израиль бұл заң Холокост қырғынында тірі қалғандар поляктардың әскери қылмысына қатысты сот процестерінде поляктарға қарсы куәлік берсе қуғындалуы мүмкін деп алаңдайды. Анна Азари Израиль үкіметі заң жобасына қарсы болғанымен, мұндай лагерлерді поляктар тұрғызбағанын «жақсы білетінін» айтты.

France-Press агенттігінің хабарлауынша, Анджей Дуда Израиль елшісінің алаңдауына жауап қатты. «Бұрын поляктардың қатысы болған масқара әрекет пен қылмыс жадында сақталып қалып, оны тарихи зерттеулер растаса олардың [поляктарға қатысты - ред.] бұлай айтуға хақы бар» деді Дуда заң жобасы жайлы.

Анджей Дуданың көмекшісі 29 қаңтарда Варшавада Анна Азаримен кездеспек. Бұған дейін Израиль сыртқы істер министрлігі жоғары шенді поляк дипломатын шақыртып, заң жобасына қатысты наразылығын білдірген.

XS
SM
MD
LG