Accessibility links

ОҚО: Аяздан кейбір мектеп пен балабақша жұмысы уақытша тоқтады


Қатты аязда көшеде бетін қолмен жауып кетіп бара жатқан тұрғындар (Көрнекі сурет).
Қатты аязда көшеде бетін қолмен жауып кетіп бара жатқан тұрғындар (Көрнекі сурет).

Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ, Бәйдібек және Отырар аудандары мен Кентау қаласында қатты аяздан мектеп пен балабақшалар уақытша жабылды деп хабарлайды Азаттыққа облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Зарипа Тұрлыбекова.

Оның айтуынша, 29 қаңтар күні Кентау қаласында ауаның температурасы -25 суық болғандықтан мектептер мен балабақшаларда сабақ тоқтатылған. «Сонымен бірге, 29 қаңтарда Созақ ауданындағы мектептерде 1-4 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылды. Созақта ауа температурасы -23 градус болып тұр. Облыстағы қалған аудандарда сабақ әдеттегідей кесте бойынша өтіп жатыр» дейді ол.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Бәйдібек және Отырар аудандарында ұйытқи соққан боранның жылдамдығы секундына 28-30 метрге жеткендіктен 29-30 қаңтар күндері барлық мектептерде сабақ тоқтатылып, балабақшалар жабылды.

Қаңтардың 29-ына қараған түні дауылды боран Отырар ауданы Көксарай ауылдық округі Шеңгелді ауылындағы мектептің жалпы ауданы 2402 шаршы метр шатырының 600 шаршы метрін ұшырып, жанындағы «Ақмарал» балабақшасының 100 шаршы метріне залал келтірген.

Қатты аяздан 29 қаңтарда Алматы қаласында да 1-9 сынып оқушыларына сабақ тоқтатылған.

XS
SM
MD
LG